Жас мамандарды жемқорлардың «схемасынан» қорғауымыз қажет - Бірғаным Әйтімова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова мемлекеттік қызметке жаңадан келетін мамандарды жемқорлықтан қорғау қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде мемлекеттік қызметшілерді көп жамандайды. Басқа елде ондай жоқ сияқты. Енді, жемқорлықпен күресіп келе жатырмыз ғой. Бірақ 100 мың мемлекеттік қызметшілер армиясының барлығы бірдей пара алмайтын шығар. 

Мәселен, бір облыста тұтас бір әкімдіктің қызметкерлері сөгіс алып шыққан. Меніңше, ондай әрекеттердің бәрін жан-жақты зерделеп, сыбайлас жемқорлыққа келе ме, жоқ па, соны анықтап алған жөн. Өйткені жаңадан келген қызметкерлер көп нәрсені білмей жатады, қателік жасайды және тағысын тағы. Оны да ескеру керек», - деді Б.Әйтімова ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссияның кеңейтілген отырысында.

Сенатордың ойынша, мемлекеттік қызметке жаңадан келген мамандармен тығыз жұмыс жасау қажет. Оларға сыбайлас жемқорлықтың не екенін және одан сақтануды үйрету керек. «Себебі мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлық үшін топтап ұстап жатады. Демек, нақты бір схема бар. Ал жаңадан келген маман сол схемаға еріксіз байланып қалады да, соны мемлекеттік қызмет деп түсінеді. Мен де адамдармен араласып жүрмін ғой. Бір мемлекеттік қызметшінің арғы жағында туған-туысы, дос-жараны, әріптесі бар. Шынымды айтсам, біреуін ұстады дегенді естігенде жүрегім ауырады. Өйткені ондай оқиғадан кейін халық арасында мемлекеттік қызметшілерге байланысты теріс пікір қалыптасады», - деп атап көрсетті Б.Әйтімова.

Соңғы жаңалықтар