«Жас маман» жобасы Ақмола облысында қалай жүзеге асырылып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында «Жас маман» жобасына республикалық іріктеу байқауы арқылы 11 колледж таңдап алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жоба қолға алынғанына биыл 2 жыл болды. 2020 жылы «Жас маман» жобасына облыстың 5 колледжі қатысты. Бұлар Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледж, құрылыс-технологиялық колледжі, Щучье қаласындағы жоғары техникалық колледж, Шағалалы кентіндегі жоғары агротехникалық колледж және Степногор қаласындағы индустриялық-техникалық колледжі.

«Жоба аясында 5 колледжге заманауи оқу жабдықтарын сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен 80 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл қаржыға 18 мамандық және 33 біліктілік бойынша мамандарды даярлау үшін қажетті жабдықтар сатып алынды. Бұл машина жасау технологиясы, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, тамақтандыруды ұйымдастыру, сәулет, жиһаз өндірісі, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және өнеркәсіпте пайдалану және басқалар сияқты мамандықтар», - деді ведомстводан.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы облыстың тағы 6 колледжі «Жас маман» жобасына қатысып отыр. Бұлардың арасында Атбасардағы аграрлық-индустриялық колледжі, Краснояр кентіндегі агротехникалық колледж, Щучьедегі орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі, Степногордегі тау-кен техникалық колледжі, Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі, Астрахандағы агротехникалық колледжі бар.

Бұл жобаға республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 170,3 миллион теңге бөлінді.

«Бүгінгі күні барлық 6 колледж бойынша жабдықтар сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу жарияланды. Қазіргі заманғы оқу-өндірістік жабдықтарды сатып алу 13 мамандық және 20 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Бұл жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары, маркшейдерлік іс, пайдалы қазбаларды байыту, ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, орман шаруашылығы, бау-саябақ және ландшафтық құрылыс, өнеркәсіптегі электромеханикалық жабдықтар сияқты мамандықтар», - деді ведомстводан.

Айта кетейік, жалпы «Жас маман» жобасының облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне қолдауы зор.

2025 жылға дейін халықаралық стандарттарды жаңғырту және енгізу нәтижесінде облыстың 11 колледжі WorldSkills стандарттарына сәйкес тиісті мамандық бойынша құзыреттің салалық орталықтарына айналады.


Соңғы жаңалықтар