Жас келіншекке алданған ақтөбеліктер прокуратурадан көмек сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «West Hause» тұтынушылар кооперативіне алданған адамдар облыстық прокуратураға барды. Олар пәтер алмақ болып несие рәсімдеген, қолында барын берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«West Hause» тұтынушылар кооперативі 2017 жылы құрылған. Содан бері 70-тен астам салымшы тіркеліп, қаржы салған. Алғашқылары пәтерлі болған соң ақтөбеліктер сеніп, алданғанын осы жылдың мамыр айында білді. Содан облыстық полиция басқармасына арыз түсірді.

«Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, шығын көлемін анықтау үшін сараптама тағайындалды. Күдікті жүкті болған соң оны үйқамақта ұстай алмаймыз», - деді Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Мендебаев.

Тұтынушылар кооперативіне ақша салғандардың көбі 29 жастағы күдікті Жадыра Садықованың туысы болып шықты. Олар жақын адамына сенім артып, алданып қалғандарына налиды. Араларында Атырау облысының да адамдары бар.

«Мамыр айында арыз жазып, бізге үш тергеуші бөліп берді. Прокуратураға да арыз түсірген болатынбыз. Арамызда зейнеткерлер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы бар. Пәтер жалдап жүрміз, жанайқайымыз осы. Еріккеннен ешкім келмейді, нақты нәтиже қажет. Ақшамызды қайтарып берсін, біз соны сұраймыз», - деді қала тұрғыны Нұрлыайым Досмұхамбетова.

Тергеуші мән-жайды нақты айтып берді.

«Бізде 14 жәбірленушінің арызы бар. Негізі тұтынушылар кооперативіне 77 адам ақша салған. Қылмыстық іс облыстық прокуратураның, облыстық ПД бақылауында тұр. Сараптама қазан айының орта тұсында шығады. Сол кезде шығыны белгілі болмақ», - деді Ақтөбе қаласы полиция басқармасының тергеу жөніндегі бастығының орынбасары Әсет Қалиев.

Салымшылардың кейбірі ауылдағы үйін сатып, қалаға көшпек болған. Ал кейбірі несие рәсімдеген. Тағы бір адам Ақтөбедегі үйін алғашқы жарна ретінде беріп, Алматыдан пәтер алмақ болған.

Айта кетейік, облыстық прокуратура тергеу мерзімі созылып кеткен соң тәртіптік қаулы шығару үшін облыстық полиция департаментіне нұсқама берілді. Оның қорытындысы бір аптадан соң белгілі болады.



Соңғы жаңалықтар