Жас кәсіпкер елде жоқ кәсіп - шиншилла өсірумен айналысады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тұрғыны Евгений Шмалько шиншилла өсірумен айналысады. Елімізде теңдесі жоқ ферма ашқан жас кәсіпкер бағасы қымбат жануардың санын бір жылда 150-ге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет кәсіп ашуды ниет еткендерге қолдау ретінде жеңілдетілген несие мен демеуқаржы ұсынып қана қоймай, тың идеялары бар азаматтарға қайтарылмайтын грант та береді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, елімізде бұрын-соңды болмаған кәсіп ашқандардың бірі - Есіл ауданының тұрғыны Евгений Шмалько. Шиншилла фермасын ашу идеясы үшін жас кәсіпкер мемлекеттен былтыр 3 млн теңге грант ұтып алды.

«Бұған дейін мен сазқұндыз бен қоян өсіріп көргем. Тәжірибем бар. Ғаламторды ақтарып,осы шиншилланы өсіру туралы ақпаратты көрдім. Аң шаруашылығымен көпшілік айналыса бермейді. Елімізде жануардың бұл түрін өсіреді дегенді естімеппін. Негізгі қаражат аңдарды сатып алуға және жеткізуге жұмсалады. Оларды ұстайтын тор да қымбат. Өйткені арнайы жасалған, осы жануарларға негізделген болуы керек. Есесіне кейін өсіру барысында айтарлықтай қиындықтар туындамайды. Қорегі - қарапайым, қоян сияқты тамақтанады. Яғни шығынды көп қажет етпейді. Бір жылда екі рет балалап, 5-6 ұрпақ әкелуі мүмкін», - дейді жас кәсіпкер.
null

Шиншилла - Оңтүстік Американы мекендейтін кеміргіштердің бір түрі. Терісі өте жұмсақ және әдемі келеді. Бір ерекшелігі, оның жүні ор қояндікінен 75 есе қалың. Яғни жылуды да 75 есе жақсы сақтайды. Осы қасиетінің арқасында салмағы бір келіден аспайтын бұл жануарлар жоғары бағаланады.
null

Евгений 50 шиншилланы Ресейден әрқайсысын 50 мың теңгеден сатып әкеліпті. Бүгінде шағын фермада 150 жануар бар, оның жартысы - аналық шиншилла. Кәсіпкердің айтуынша, оның шиншиллалары «бөрте стандарт» деп аталатын асыл тұқымдыларға жатады. Оны растайтын арнайы төлқұжаты да бар екен. Аңдарды бағалы терісі үшін өсіргенімен, әзірге санын арттырмақшы. Бірер күн бұрын Омбы қаласынан асыл тұқымды ақшыл қызыл және «мозаика» атты екі түрін сатып әкеліпті.
null

«Өнімді өткізуде мәселе туындамайды. Мен оларды шиншилла өсіруді ниет еткендерге тірідей сатамын. Кейін санын арттырған соң ғана терісін өңдеумен айналыспақпын. Қазір екі бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмын. Мәселен, шаруашылықтар 3-7 айлық аңның әрқайсысын 20 мың теңгеге, ал 7-18 айлық шиншиллаларды 25 мың теңгеге сатып алады. Сондай-ақ, әріптестік бағдарламасы бар. Менімен келісімшарт жасап шиншилланы жалға алады. Яғни мен өсіріп, көбейтіп беремін», - дейді Евгений Шмалько.

26 жастағы Евгенийдің негізгі мамандығы - экономист, заңгер. Облыста аң шаруашылығын дамытуды мақсат еткен ол болашақта сою цехы мен теріден дайын өнім шығаратын тігін цехін ашпақшы. Алайда ол үшін жануарлар санын кемінде 500-ге жеткізуі керек.
null

Соңғы жаңалықтар