+7 (701) 759 90 19
USD 427.91 EUR 506.9
RUB 5.6 CNY 64.17
Jańalyqtar

Жас кәсіпкер: 20-30 жас арасын бос өткізуге болмайды

2020 жылғы 17 қазан 17:44
Бөлісіңіз:
Жас кәсіпкер: 20-30 жас арасын бос өткізуге болмайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індеті өмір салтымызды өзгертіп, құндылықтарымыздың өзгеруіне, жаңа машық қалыптастыруымызға ықпал етті. Елордалық жас кәсіпкер Ерболат Алпысбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында карантин уақытында пайдалы іспен айналысқанын айтты. Ол бастаған ісі жүрмей, бизнесі тоқтап қалғанына қарамастан жетістікке жеткен қазақстандықтардың өмір жолын мысалға ала отырып қиындықты қалай еңсеріп, еңсені түсірмеу жолдарын үйрететін кітап шығарған.

Ұқсас жаңалықтар
«Қарапайым заттар экономикасы»: Батыс Қазақстанда 215 жоба мақұлданды Ақтауда көпбалалы ана тігін цехын ашты

Жас кәсіпкер Ерболат Алпысбаев биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Ол 18 жасынан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Мектеп жасында балмұздақ сатса, кейін гүл сатумен айналысқан. Университеттің үшінші курсында оқып жүрген кезінде ғимарат жалдап, «JDI» деп аталатын тілдерді үйрету мектебін ашқан.

«Тіл үйрететін мектеп ашқан кезде менің қаражатым болған жоқ, дегенмен тәуекел ету керек болды. Ғимаратты жалға берушіге айдың аяғында есептесетінімді айттым. Ол келісімін берді. Одан кейін екі ағылшын тілін оқытушыны тауып, оларға да жалақысын айдың соңында беретінімді айттым. Белсенді студент болғаным өзіме көмек болды. Соның арқасында мен ашқан курсқа 40 адам жазылды. Осылайша өз ісімді бастап кеттім. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ЕҰУ-дан «StartUp» жастар бизнес инкубаторынан маған тегін түрде бөлме берілді», - дейді Ерболат Алпысбаев.


Өзі бастаған іске үлкен үміт артқан ол кәсібінің аясын кеңейткісі келген. Осы жылдың қаңтар айында ол елордалық университеттерде «JDI» тіл үйрету мектебінің үш филиалын ашқан. Өкінішке қарай, өмірдің өз ережесі бар. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін бастаған ісін тоқтата тұруына тура келген.

«Карантин кезінде мен шығынға баттым: тіл орталығы жабылып, студенттер жан-жаққа кетіп қалды. Бос уақытым көп болғандықтан кітап жазып, өз тәжірибеммен бөлісуді жөн санадым. Осындай қиын кезеңде көптеген адамның бастаған ісі аяқсыз қалды. Өзімнің тәжірибем туралы неге жазбасқа деген ой туындады. Сөйтіп екі ай бойы тіл үйрету орталығын қалай ашып, қандай қиындықтарды еңсергенім туралы ойымды жинақтадым. Өз ойымды досыма айтып, кітап барша оқырманға пайдалы болуы керек деген шешімге келдік. Өз ойларын сәтті жүзеге асырып, өмірдің әр саласында кірпіш болып қаланған тұлғалардан көмек сұрадық. Оқырмандарымыз осы кітаптағы кейіпкерлердің өмір жолынан өздеріне қажет болатын пайдалы ақпарат алып, керек кезде олардың тәжірибесін қолдана алуын қаладық», - дейді жас кейіпкер.


Спортшылар Серік Сәпиев, Илья Ильин, шахматшы Динара Сәдуақасова, режиссер Данияр Сүндетбаев және басқа да тұлғалар өздерінің өмірлік тәжірибесін бөлісті.

Автордың ойынша, кітаптың ерекшелігі – оқырмандар жетістікке жетудің құпиясын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жетістікке жеткен тұлғалардың аузынан естиді.

«Бұл кейіпкерлер жетістікке өз күштерімен жеткен. Кедергі, қиындықтарға қарамастан – тек алға қарай қадам басқан. Жетістікке жеткісі алатын адамға қиындықтардан өтуге тура келеді, сол себепті кітапты «Қиындықтарды еңсеріп, арманға жету» деп атадым», - дейді Ерболат Алпысбаев.

Бастапқыда ол 100 дана кітап шығарса, оның жартысы өтіп кеткен. Қазіргі уақытта ол осы кітаптың тағы 1 000 данасын шығаруға ниетті. Кітаптың түпнұсқасы орыс тілінде шыққанмен, қазақ тілді оқырмандар үшін қазақ тіліндегі нұсқасын да шығарғысы келеді.

«Кітапты қол астыңдағы қызметкерлермен қандай қарым-қатынаста болып, инвесторларға өз жобаңды қалай ұсыну керектігі, қазақстандық стартаперлердің қателіктері неде болғаны туралы айтылады. Сондай-ақ, бренд қалыптастыру мен нейромаркетинг туралы да сөз қозғадым. Өзімнің басымнан өткергеннің бәрін жазуға тырыстым. Маған жұмыс барысында тәжірибе жүзінде үйренген ұнайды: қателік жіберсең жөндеп, ары қарай қадам басасың. Күйзеліске түсіп, еңсеңді түсірудің қажеті жо», - дейді ол.


Жас кәсіпкер ата-ананың қолдауы қаншалықты маңызды екенін айтты. Шын мәнінде ата-ананың ақ батасы мен жылы сөзіне жетер ештеңе жоқ.

«Қиындыққа тап болған кезде ата-анам қолдап, маған демеу болады. Біз дастархан басында жиналып, идеяларымыз бен жаңа жобаларымызды талқылаймыз. Тіпті мен бала болған күннің өзінде олар менің пікіріммен санасатын. Балаңның қалауына құлақ түріп, оның не қалайтынын түсіну өте маңызды деп ойлаймын. бала үшін ата-ананың қолдауы әрдайым маңызды», - дейді ол.

Ерболат Алпысбаев белсенді кәсіпкерлік қызметі үшін 2019 жылы «Жылдың үздік жас кәсіпкері» сыйлығын алған. Оның айтуынша, жетістікке жетудің жолы – қайырымдылық жасау.

«Мен бірінші курс студенті болып жүрген кезімде қайырымдылық жұмыстарымен айналыстым. «Қамқор» атты қайырымдылық қорын ұйымдастырдым. You Tube желісі арқылы қаражат жинадық. Қалаған адам біздің You Tube каналымызға кіріп, онда болып жатқан жарнаманың үстінен басады. Жарнама әр кіргені үшін электронды әмиянымызға қаражат аударылып отыратын. Жиналған қаражатты мұқтаж жанжарға беріп отырдық. Елордалық Амина есімді кішкентай қызға көмектестік. Ол қан обырымен ауырған еді. Қояндыда тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына қыстық киім-кешек алып бердік. Кейін біздің жобамыз бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырды. «Nur Otan» партиясының жастар қанаты «Жас Отан» да бізге қолдау білдірді. Кейін біз қайырымдылық жасаған балалар туралы бейнеролик ашық түрде көрсетіліп жатқанын көрдім де, «оларды мектепте мазақ етсе қайтемін?» деп ойладым. Олардың жанын жаралағым келмей, бұл істі тоқтаттым. Дегенмен аталған қордың белсенділері әлі күнге дейін мұқтаж жандарға көмектесіп тұрады», - дейді Ерболат Алпысбаев.


Жас кәсіпкердің көптеген жобасы қоғамда талқыланып жатады. Ол ағылшын тілін үйренем дегендерге грант ойнатып, студенттік шараларға демеушілік жасаған.

«Тіл үйрету орталығындағы бір топта 8 адам оқуы керек болса, курсқа 5 адам ғана ақылы түрде қатысады, қалған 3 орынды ақша төлеуге мүмкіндігі жоқ студенттерге арнаймын. Ол үшін жетім немесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттердің тізімін алдым. Оларға біздің орталықта тегін оқуға арналған бірнеше орын бос тұрғанын айттым. 5-6 студентті осы жүйе бойынша оқыттық», - дейді ол.

Жас кәсіпкер қазіргі уақытта тағы бір салада өзін сынап көргісі келеді.

«Мен шаруа отбасында дүниеге келдім. Бұрыннан ауыл шаруашылығымен айналысқым келетін. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің еншілес компаниясында тәжірибеден өтіп жүрмін. Ауыл шаруашылығы саласындағы инновация саласында тәжірибе жинап жүрмін. Болашақта осы салада жұмыс істегім келеді», - дейді Ерболат Алпысбаев.

Оның айтуынша, жастарға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіледі: жыл сайын грант бөлініп, субсидия ұсынылады. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана білу керек.

«Менің ойымша, 20-30 жас аралығы – өмірдің жауапкершілікке толы кезеңі. Барлық маңызды оқиғалар осы кезеңде болады: мектептен түлеп ұшып, жоғары оқу орнына оқуға түсеміз, жұмысқа орналасып, отбасы құрамыз. Дәл осы кезеңді бос өткізіп алуға болмайды. Жастарда алға жетелейтін арман болуы керек. Кітаптағы кейіпкерлердің бірі – режиссер Данияр Сүндетбаев мынадай қызық ойын бөліскен болатын: «Егер қазақстандықтарды Германияға, ал немістерді Қазақстанға көшірсе – ештеңе өзгермейді. Олар осы жақта автокөлік шығаратын зауыт салса, біз ол жақта мал шаруашылығымен айналысамыз. Биік шыңды бағындырғымыз келсе осы жерден, өзімізден бастауымыз керек». Мен де оның осы пікірімен келісемін», - дейді Ерболат Алпысбаев.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT