«Жас қанат-2023» байқауының жеңімпаздары анықталды

None
Фото:«Жас қанат-2023» байқауы баспасөз қызметі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы «Республика сарайында» «Жас қанат-2023» жас орындаушылар байқауы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Финалда сайыскерлер белгілі композитор, дирижер және өңдеуші Илья Башқатовтың жетекшілігімен тамаша кәсіби Live бэндының сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Бұл – «Жас қанат» байқауының жаңалығы.

Екі жарыс күніндегі дауыс беру қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған 8 қатысушы финалға шықты. Айта кету керек, бұл конкурсанттар бірінші жарыс күнінен-ақ өздерін танытқан еді. Финалда қазылар алқасының арасында келіспеушіліктер болған жоқ – барлығы бірауыздан кімге қандай орын беру керектігіне келісті.

Сонымен қатар, қазылар алқасының бірауыздан шешімімен байқауда алғаш рет бекітілген Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы Гран-при атыраулық Ерназар Жұбанға берілді. «Алтын қанат» (1-орын) ақтөбелік Нарғыз Жанұзақоваға, «Күміс қанат» (2-орын) алматылық Беназир Әлімходжаева, «Қола қанат» (3-орын) алматылық Алмагүл Батталиеваға бұйырды.


Қалған төрт финалист байқаудың дипломанты атанды. Олар – оралдық Аружан Бисембай, петропавлдық Нариман Жолдасбеков, павлодарлық Мәдина Қабдолла және шымкенттік Нұрасыл Сатыбалды.

Қазылар алқасының кейбір мүшелері өз жүлделерін белгіледі. Медеу Арынбаев өз жүлдесін екі қатысушыға – петропавлдық Нариман Жолдасбеков пен оралдық Аружан Бисембайға қазақтың ән дәстүріне бей-жай қарамағаны үшін табыс етті. Ренат Гайсин Нұрасыл Сатыбалдыны өз қанатына алды. Байғали Серкебаев Ерназар Жұбанға өзінің Emporio Music Fest музыкалық фестивалінің арнайы жүлдесін табыс етті. Жүлде – ең танымал Montreux Jazz Festival джаз фестиваліне саяхат. Ол 5-7 шілде аралығында өтеді, оған әлемнің ең танымал музыканттары келеді.


Финалдан тыс қалған «Жас қанат» байқауының 12 қатысушысы диплом-сертификатқа ие болды. Бірақ, олар конкурстан тыс керемет ән шырқады. Бәлкім, қазылар алқасы басқа марапаттар тағайындамағанына өкінген де шығар.

Биыл аты аңызға айналған «Азия дауысы» фестивалі қайта жанданып келеді. Оған дайындық барысында еліміздегі ең байырғы оқу орны – Темірбек Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің басын қосқан қызықты шығармашылық жоба ұйымдастырылды. Жоба – академия студенттері арасындағы сценографиялық байқау. Байқауға қатысушыларға ескі, белгілі стиль мен келбетті сақтай отырып, фестивальдің жаңа стилін ұсыну міндеті қойылды. Айта кету керек, қатысушылар бұл тапсырманы тамаша орындап, комиссия мүшелері бірауыздан екі жеңімпаз болуы керек деген қорытындыға келді. Олар – Дана Нұршаева мен Әлихан Сатыбалды. Олар да сыйлықтармен марапатталып, «Азия дауысы-2023» сценографиясын жасау үшін шығармашылық топқа шақырылды.




Соңғы жаңалықтар