Жас фототілші еңбексүйгіш әрі байқампаз болуы керек – ардагер фототілшімен әңгіме

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат. 1 қазан – Қарттар күні. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігің статистикасы бойынша елімізде бүгінде жасы алпыстан асқан 3 миллионға жуық адам бар. Олардың ішінде өз ісінің шебері, жастарға үлгі боларлық қарияларымыз да бар. Солардың бірі - республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің ардагер-фототілшісі Айтжан Мұрзанов. Мереке қарсаңында зейнеткер ҚазАқпарат тілшісіне фотожурналистика жайлы өз ойымен бөлісті.

- Айтжан аға, көпшілік оқырман сізді республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газеті арқылы жақсы таниды. Енді әңгімемізді балалық шағыңыздан бастасақ. Қай өңірдің тумасысыз? Фотоөнерге қызығушылық сізге қалай келді?

– Мен негізі Қарағанды облысының тумасымын. Бірақ, балалық шағым Павлодар облысында өтті. Сол жерде мектепте оқыдым. Жалпы, менде бала кезімнен фотожурналистикаға деген қызығушылығым күшті болды. Оқушы болып жүргенімде кітапханада «Чехословакский фото», «Советское фото» журналдарына шыққан әдемі фотоларға қызығатынмын. Кейін сондай әдемі фотоларды өзім түсірсем деген арман пайда болды. Оның үстіне үйдегі фотоаппаратпен туыстарым мен табиғатты фотоға түсіріп жүріп, фотожурналистикаға қызығушылығым артты. Осы арманмен 1984 жылы Алматы тұрмыстық қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп техникумына «фототехник» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны 1986 жылы бітіргеннен бастап бүгінге дейін әртүрлі мекемеде фотограф, фототілші болып еңбек етіп келемін.

- «Айқын» газетінен бөлек, басқа қай жерде фотограф, фототілші болып еңбек еттіңіз?

- Жоғарыда аталған техникумда оқи жүріп, Ғылым академиясының кітапханасында фотограф болып еңбек еттім. Сол кезде қазақ фотоөнерінің ардагері Нұрғожа Жұбановпен таныстым. Ол фотоөнер саласында маған көп көмегін көрсетті, фотоны дұрыс түсіру жолдарын меңгеруге вқпал етті. Менен түсірген суреттерімді сұрап, оларды қай газетке беруге болатынын айтты. Кейін әскери комиссариаттың ұсынысымен бес жыл шамасында Моңғолияда кәсіби фотограф болып еңбек еттім. Одан соң 1995 жылы «Атамұра» корпорациясында, 1998 жылы «Қазақстан теміржолы» РМК-ның салалық газетінде, 2001 жылы Алматы қаласының «Столичная жизнь» газетінде, 2004 жылдан бері қарай республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінде фототілші болып еңбек етіп келемін.


- Аға, сіз ұзақ жылдар фото саласында еңбек етіп келе жатырсыз. Бұл саланың қиындығы мен қызығы жайлы айтсаңыз?

- Иә, бұл саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Жұмыс бабымен табиғаты әдемі жерлерге, қызықты әрі маңызды кездесулерге барасың. Оларды фотоға түсіріп алу керек, кейде фоторепортаж жасайсың. Ол суреттерді дайындап газет немесе сайтқа бересің. Кей кезде әлеуметтік желіге саласың. Сол кезде ел еңбегіңді, суреттеріңді бағалап, оң пікірлерін айтып жатса, фотожурналистика саласының қызықты тұсы осы деп айтар едім. Ал қиындау тұсы деп маңызды жиын, кездесулерде фототілші фотоны алдымен қалай, қай жерден түсіретінін жақсылап жоспарлап алу керек. Басқа фототілшілердің арасынан орын тауып, жақсы фотолар жасауға тырысасың. Оның үстіне ол фотоларды сәтті түсіріп қоймай, олардың газет немесе сайтта сәтті шығуын да мұқият бақылауың керек. Әйтпесе, жоғары жақтан сын, ескертулер алуың мүмкін. Ондай басымыздан өткен.

- Елімізде мықты фототілшілер деп кімдерді айтар едіңіз?

- Мен білетін майталман фотожурналисттер ретінде Асылхан Абдырайм, Жеңіс Ысқабай, Юра Беккер, Александр Павский, Алтынбек Қартабай, Самат Құсайынов, Шүкір Шақай, Мұхтар Қалдарбеков, Тұрар Қазанғапов, Оңғарбек Аухаровтарды айтар едім.


- Сіздің ше фототілшінің бойында қандай кәсіби қасиеттер болу керек?

- Фототілшіге фотоға түсіру барысында жылдамдық қажет және мақалаға байланысты фото түсіріп, оның мазмұнын ашып үйрену керек. Кәсіби деңгейде сурет шығу үшін еңбектену керек, әріптестерімен тәжірибе алмасқаны дұрыс.

- Бүгінгі күні осы салада жүрген жас буынға айтар ақыл, кеңесіңіз...

- Фото саласына қызығып, еңбек еткісі келіп жүрген жастарға ақылды, еңбексүйгіш, байқампаз болсын, жаман әдеттен аулақ болсын деген тілегім бар. Жалпы, оларға қажетті көмегімді көрсетіп, ақыл, кеңесімді айтып келемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!




Соңғы жаңалықтар