Жас дәрігерлер сарай сияқты қонақ үйде тұруға мәжбүр - Елжан Біртанов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жас мамандардың сарайға ұқсас қонақ үйде тұрып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, ол бүгін әріптестерімен бірге жылжымалы медициналық кешендер мен ауылдық амбулаториялардың жұмысын көру үшін Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай ауылына барған. Сонымен бірге, Елжан Біртанов ауылдағы жас мамандардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көргісі келген.

«Не көргенімді білесіздер ме?! Үш жас дәрігер бір жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осында келген. Біреуі де уәде етілген баспананы әлі алмаған! Әкімдер жас мамандарға жағдай жасауды мүлде ойламайды! Әдейі барып, жас дәрігерлер тұрып жатқан жатақхананы көрдім. Медицина мамандары сарайға ұқсас қонақ үйде тұруға мәжбүр! Жеті жыл үздіксіз білім алған олар еңбек ету үшін ауылға келеді, ал оларды жергілікті әкімдік осылай қарсы алып отыр! Бұл ауылда 9 мың халыққа - 3 дәрігер қызмет көрсетеді. Екі маман дәрігерлік амбулаторияда отырады. Ал біреуі жылжымалы медкешенде халықты емдеу үшін 8 ай жолда жүреді. Олардың өмір сүруіне де, жұмыс істеуіне де дұрыс жағдай жасалуы тиіс! Елді мекеннен жайлы үйді жалға алып немесе өздеріне бөлек үй салып беруге болмай ма?! Біз осылай барлық мамандарды ауылдан түңілтіп, ақыры жоғалтып аламыз ғой!», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

null

Оның сөзіне сенсек, биылдан бастап мемлекеттік грантпен оқып шыққан түлектер үш жыл белгілі бір жерде жұмыс істеуге міндеттеледі.

«Бірақ баспана мәселе шешілмесе, ауылдағы жас кадрларды әлеуметтік қолдау үшін нақты шаралар қолға алынбаса, бұл ісімізден түк шықпайды. Сондықтан мен аудандық әкімдікке тез арада дәрігерлерге тұратын дұрыс баспана тауып беруді тапсырдым. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау, көтерме ақы - бұл да өткір мәселе. Біз аймақ басшыларына «ең бірінші кезекте қала маңындағы, проблемалық аудандардағы медицина мамандарына жағдай жасау керек» деп бір емес, бірнеше рет айттық», - деп жазады Елжан Біртанов.

null

Министрдің айтуынша, бір апта бұрын ғана Премьер-Министр елдегі алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын көтеру іс-шараларын жүзеге асыру жөніндегі қаулыға қол қойды. Онда ауылға және моноқалаларға келген медицина мамандарын міндетті әлеуметтік қолдау шараларымен қамту да көзделген.

«Бұл мәселе ел үкіметінің бақылауында», - деп атап өтті министр.

null

Соңғы жаңалықтар