Жас архившілерге арналған V жазғы мектеп өтуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Архив мекемелерінің мамандарына арналған Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті бірлесе ұйымдастырған Жазғы мектеп өз жұмысын бастады.

Биыл бесінші рет өткізіліп жатқан Жазғы мектепке Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай мен Моңғолиядан 380 маман қатысып отыр. Аталған шара жас архившілердің біліктілігін арттыруға, жаңа технологиялар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысуға, архив саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған

Жас архившілердің V жазғы мектебінің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев сөз сөйлеп, озық тәжірибе алмасу алаңына айналған жас архившілердің жұмысына сәттілік тіледі. «Бүгінде бүкіл әлем жылдам даму өзгерісі жағдайындағы аумалы-төкпелі заманда өмір сүруде. Біріншіден, бұл біздің жаңа сын-тегеуріндерге төтеп беруге зеректігімізді тексерсе, екіншіден, жаңа білімді игеру арқылы бәсекеге қабілеттігімізді арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тезистердің архив ісіне толықтай қатысы бар», - деп атап өтті Нұрдәулет Төлеұлы.

Ал ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Жазғы мектепке жыл сайын тілек білдірушілердің саны артып келе жатқандығын атап өтті. «Егер 2017 жылы 49 адам қатысса, былтыр 276, биыл 380 өтініш келіп түсті. Бұл жас мамандардың көп бөлігі өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мүдделі екенін білдіреді», - деп атап өтті Әлия Құсайынқызы.

Сонымен қатар Жазғы мектептің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры Павел Кюнг, Беларусь құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры, т.ғ. к., доцент Андрей Рыбаков, Өзбекстан Республикасының «Өзархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов құттықтау сөз сөйледі.

Алдағы екі күнде Оңтүстік Корея, Қытай, Беларусь, Монғолияның ғалымдары баяндама жасайды. Биылғы жастар форумы онлайн, офлайн форматта өтіп жатыр.

Айта кетейік, Жазғы мектеп маусымның 17-не дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар