Жарылыстарға қарамастан, Арыстағы әскерилер өртті сөндіруді жалғастыра берген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы жарылыс кезінде әскерилер өз күшімен екі техникалық аумақты сөндіріп үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жарылыс болған әскери бөлімде негізінен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен басқарушы офицерлер болған. Дәл оқиға кезінде жарылыстың басталғанына қарамастан, әскери қызметшілер өз күшімен өртті сөндіре берген. Олар танк базасындағы шынжыр табанды техниканы, екінші және үшінші техникалық аумақты сөндіріп үлгерген. Өз күшімен! Қазіргі уақытта 500 сапер оқиғаның салдарын жоюға күш салып жатыр. 50-ге тарта техника жұмылдырылды. Ең бірінші кезекте, Арыстың тұрғылықты елді мекендеріндегі оқ-дәрілерді минасыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында 1800 маман жұмылдырылған.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетіндігіне уәде берді.

Жалпы кешегі аласапыран кезде мыңдаған ата-ана баларынан көз жазып қалған болатын. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Соңғы жаңалықтар