Жарылыстан жапа шеккен балаларды емдеген дәрігерлер марапатталды - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осыдан 42 күн бұрын қаланы аяғынан тік тұрғызған жарылыстың жаңғырығы да аяңдап уақыт қойнауына еніп барады. Бүгін ең соңғы пациент Юлия Корпачева ауруханадан шықты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы балалардың жанын арашалап қалған ақ халатты мамандарды арнайы алғыс хатпен марапаттады.

«Біздің ауруханамызға түскен 12 бала Жаңа жылды өз үйінде қарсы алады. Олардың өмірі мен денсаулығын сақтауда барын салған дәрігерлерге үлкен алғысымды білдіремін. Білікті дәрігерлік көмек көрсету үшін Петербургтағы білікті мамандармен бейнеконсилиум жинадық», - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова.

Айта кетейік, дәрігерлердің көмегінің арқасында 11 баланың барлығы ауруханадан шығып, «Алматы» шипажайында оңалту шараларынан өтіп жатыр. Ең күрделі жараланған Юля Корпачева бүгін үйіне оралды.

Снаряд Юлия Корпачеваның ішкі органдарын зақымдаған. Қазір мамандар оның жағдайы тұрақты екендігін айтып отыр. Басынан өте ауыр жараланған студенттердің бірі Ильярдың да денсаулығы жақсарып келеді.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай 17 қарашада Алматыдағы «Сән және дизайн» колледжінде орын алған болатын. Жарылыс бір адамның өмірін қиып, 12 адамды жаралады. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалығымен арнайы штаб құрылып, жараланған балаларды емдеуге қаланың ең білікті мамандары жұмылдырылған болатын.

Кейін жемісті жұмысы үшін 10 дәрігер қала әкімінің атынан алғыс хатпен марапатталып, әрқайсысына iPhone смартфоны табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар