Жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындарының құжаттары тегін рәсімделуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үйжайлары төтенше жағдай кезінде жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындарының құжаттарын тегін рәсімдеуде, деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, маусым айының соңында болған жарылыс салдарынан бұзылған және зақым келген ғимараттарды жаппай қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Арыс қаласында жер кадастры және жылжымайтын мүлік саласы бойынша қызметтер көлемі күрт өскен. Қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие болып отырған осы қызметтер мемлекеттік корпорация тарапынан тегін көрсетілуде.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтердің уақытылы көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында Арыс қалалық бөлімшесіне Шымкент қаласы, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан және Түркістан облысының аудандық бөлімдерінен 25 қызметкерді көмекке жұмылдырды.

Шілде айының басынан корпорация өз есебінен ақысыз негізде 858 техникалық төлқұжат, 3328 меншік иесі туралы мәлімет, 476 жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжаттарын және құқық белгілейтін құжаттың мұрағаттық көшірмесін беріп, жылжымайтын мүлік дерекқорындағы қателерді түзету жұмысы бойынша 799 тұрғынға қызмет көрсетті. Ал жалпы есепті мерзімде (24 маусым – 12 тамыз) Арыс қалалық бөлімімен көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 17 мыңға жетті.

Соңғы жаңалықтар