Жарылыс кезінде жұмыс орнын тастамаған арыстық: Кәсіпке адалдық керек

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Арыстағы жарылыс кезінде жұмыс орнын тастап кетпеген күзетші оқиғаның қалай болғанын ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Көп жылдардын бері банкте күзетші болып жұмыс істейтін Пернехан Бекмырзаев жан-жақта жарылыс болып жатқанда, жұмыс орнын тастап кетпеген.

«Біз тәртіп бойынша басшылықтың рұқсатынсыз ешқайда кетпеуіміз керек. Өйткені өзіңіз білесіз, банктің жұмысы өте жауапты. Сондықтан да мен жарылыс болып жатқан кезде, қауіпті білсем де өз жұмыс орнымда болып, басшылықтан нұсқаулық күттім»,- дейді Пернехан Бекмырзаев.

Арыстық тұрғын өзінің бұл ісін батырлық деп есептемейді.

«Өйткені менің орнымда болған әрбір адам осылай істейді, жалпы кәсіпке деген адалдық болу қажет»,- дейді ол.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар