Жарылмаған снарядтар үйлерде әлі жатыр: Арыстықтарға қалаға оралуға қауіпті

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат - Арыста болған төтенше жағдайдың қаупі әлі сейілмегендіктен тұрғындарға қалаға оралуға болмайтындығы ескертілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әскерилер Арыстың 16 көшесінен жарылмаған 70 снаряд тапты. Дені тұрғын үйлерге түскен. Қазір қалаға тіпті, құжат алу үшін де қайта келудің қажеті жоқ», - деп жазды Facebook-те Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов.



Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар