Жарылқап Бейсенбайұлының 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында белгілі журналшы, жазушы, зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлының 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Көптомдыққа негізінен қаламгердің сүйекті туындылары іріктелініп еніп отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат «Egemen Qazaqstan» республикалық газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алғашқы томда өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары оқырман қауым жылы қабылдаған, әлемдік бейнелеу өнері тарихындағы Жаңаша дәуірдің ұлы шеберлері мен қазақтың саңлақ суреткерлері жайындағы эсселер шоғыры жинақталған «Буырқанған бояулар», сондай-ақ ұлтымыздың озық әдеп дәстүрлері мен халықаралық этикет ережелері сабақтастырыла қарастырылған «Әдеп әлемі» кітаптары қайта өңделіп, толықтырылып берілген. Автордың тарих көші, баба жұрттар ізімен шетелдерге барған жолсапар жазбалары да осы томда қамтылған.

Екінші томды көп жылдар бойы Шоқан Уәлихановтың өмірін зерделеп, ұлы ғалымның 1856 жылы жасаған Ыстықкөл сапарының ізін қайталай жүріп өткен, ол еңбек етіп, ғұмыр кешкен мекендерде арнайы болған қарымды жазушының жаңа ғылыми, мұрағаттық құжаттармен байытылған, көлемі 743 беттік «Шоқан» тарихи-ғұмырнамалақ роман-эссе кітабы құрайды. Үшінші томға автордың «Қазақ шежіресі»», «Арғы түрктер ақиқаты ізімен» атты еңбектері, «Шоқан Уәлиханов – ауыз әдебиеті мен ортағасырлық жазба мұралар зерттеушісі» және Жошы ұлысының әйгілі бектербегі, қазақтың этно­тектік тарихында елеулі орны бар Нағанай ұлыби туралы «Нағанай би» ғылыми зерттеулері енген.

Қаламгер ғалымның Халықаралық Түркі академиясының жобасы бойынша «Қазіргі түркология» сериясымен 2015 жылы елордадағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» атты ауқымды монографиясының өңделіп, толықтырылған соңғы нұсқасы шығармалардың төртінші томын құрайды. Бесінші томға ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен баспасөз саласының көрнекті өкілдеріне қатысты эсселері, өзі қызмет еткен ақпарат құралдары туралы мақалалары, берген сұхбаттары, кітаптары мен зерттеулеріне қатысты рецензиялар, автор туралы лебіздер, аударылған дүниелері топтастырылған.

Қарымды қаламгер, зерттеуші-журналист Жарылқап Бейсенбайұлы бірқатар қазақ басылымында абыройлы қызмет атқарған тұлға. Ол 1969-1990 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеді. 1990—1997 жылдары «Ана тілі» газетінің тұңғыш Бас редакторы болды. 1997 жылдың соңынан Қазақ ақпарат агенттігі директорының орынбасары, 2002 жылдан осы агенттік негізінде құрылған «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы АҚ-ы Қазақ редакциясының бас редакторы. 2014-2017 жылдары «Мәдени мұра» - «Культурное наследие» жұрналының бас редакторы. Жарыққа шығып отырған бес томдық - ардагер журналистің зейнет жасында да шығармашылықтан қол үзбегенінің бір айғағы.









Фото: egemen.kz
Соңғы жаңалықтар