Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген 70 жастағы қария жазасын алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген 70 жастағы қария жазасын алды. Сот Жақсылық Батановты 2 жыл қоныс колониясында жазасын өтеуге үкім шығарды. Қарияның қылмыстық ісі рақымшылыққа ілігіп, жазасының тең жартысы шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылдың маусымында тіркелген лаңкестік оқиғадан соң Ақтөбе қаласында қауіптіліктің қызыл деңгейі, кейін сары деңгейі жарияланған болатын. Сол кезде 70 жастағы қария «қалалық электр жүйесі мекемесінің ғимаратына жарылғыш зат қойылды» деп телефон шалып, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті мен арнайы жасақ сарбаздары әбігерге түсті. Оқиға 11 қараша күні тіркеліп, телефон шалған күдікті көп ұзамай ұсталды.

«Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша айыпталып, сот шешімімен 2 жыл қоныс колониясында жазасын өтеу үкімі тағайындалды. Рақымшылыққа ілігіп, жазаның тең жартысы қысқартылды. Ол 10 ай, 16 күнін қоныс колониясында өтейді»,- деді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі кезінде қарияның жасы, отбасылық жағдайы, бұрын сотталмағандығы, ескерілді. Сотталушы жалған хабарлама берген кезде ішімдік ішкені де анықталды. Ол сот отырысы кезінде, яғни, 1,5 ай бойы үйқамақта отырды.

Айта кетейік, сотталушы Жақсылық Батанов облыстық ішкі істер департаментіне 65, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіне 14, төтенше жағдайлар қызметіне 47, апаттық медицина орталығына 8 және электр тоғын таратушыларға 221 мың теңге материалдық шығынды өтейді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар