Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды - дәрігер

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл - медицина қызметкерінің бойында бар қасиет. Бірақ бұның бәрінің ішінде дәрігерге қажет ең негізгі қасиет – шыдамдылық. Медицинаға тек жүрек қалауымен келген адамдар ғана мамандыққа адал болып қалады. Мұндай пікірді Алматы қалалық №4 перзентханасының босандыру бөлімшесінің акушер-гинеколог дәрігері Индира Кемалова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индира Кемалова медициналық колледжді акушерлік мамандығы бойынша бітірді. Дәрігерлік жолы №4 перзентханада патология бөлімінің ординаторынан басталды.

«Біздің отбасымызда медицина маманы болмаған, көптеген әріптестерім сияқты дәрігерлер әулетінен шыққаным жоқ. Өзім медицинаға барғым келді. Акушерлік қызметтегі сияқты керемет аура еш жерде жоқ. Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес: қуаныштың көз жасы, әйелдер мен балалар, қуаныш пен қайғыға ортақтасу, адреналин. Осының бәрі - менің өмірімнің бір бөлшегі. Мен амбулаторлық-емханалық емдеу мекемелерінде жұмыс істей алмас едім. Менің орным осы жерде. Ана мен баланың жанында «, - дейді Индира Берікбайқызы.

Дәрігердің сөзінше, ол күніне 15-20 әйелді босандырып алады.

«Бізде төтенше жағдайлар болып тұрады. Мен күніне 15-20 әйелді босандырып алам. Одан бөлек 3-4 операция жасаймын. Алғашқы кесарь тілігі операциясы есімде, ол 2011 жылы болды. Мен ота жасау бөлмесінен түсініксіз сезіммен шықтым – эмоцияны айтып жеткізе алмаймын. Өте жақсы мектептен өттім. Узақ уақыт тәжірибе жинақтадым. Бұл - өте маңызды»,-дейді дәрігер.

Айтуынша, акушер-гинеколог мамандығы қателікті кешірмейді.

«Себебі - бір емес, екі адамның өміріне жауапты боламыз. Жұмыс қауырт. Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды. Акушерлік жұмыстың қиындығы көп-ақ. Өйткені, мұнда ана мен баланың өмірі жатыр. Әр минут санаулы. Жұмыс уақыты аяқталды деу дәрігер үшін шарттылық қана. Себебі, науқастардың жағдайын ауық-ауық сұрап, үнемі байланыста болу керек»,- дейді кейіпкеріміз.

Индира Кемалова ұзақ уақыт бойы сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың кішкентайлы болғанын көру - үлкен бақыт екенін айтады.

Жылдар бойы баласыз жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу - ерекше сезім. Жүрегіңді елжіретеді. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Кейде көпшілік орындарда, көшеде көріп, танып қалған ата-аналар келіп алғысын айтып жатады»,- дейді маман.

Перзентханада еңбек ету дәрігерден акушерия, реаниматология және неонатология саласында терең білімді, кәсібилікті, үйлесімді жұмысты талап етеді.

«Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл - медицина қызметкерінің бойында бар қасиет. Бірақ бұның бәрінен бұрын дәрігерге қажет ең негізгі қасиет – шыдамдылық. Кәсіби біліктілікті жетілдіріп отыру қажет»,- дейді ол.

14 жыл акушерлік тәжірибе кезінде Индира Кемалова жоғары біліктілік санатын алды, қосымша оқыды және ультрадыбыстық зерттеу жүргізеді.




Соңғы жаңалықтар