Жарты жылдың ішінде адвокаттар саны 400-ге артқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы адвокаттар санының артуына заң қызметі саласындағы реформа мұрындық болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы министрлік заң қызметі саласында реформа жүргізді. Аталған реформа аясында қабылданған шаралар заң қауымдастығында бәсекелес ортаны құруға және адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Есептей беріңіз: соңғы 4 жылда адвокаттар саны 300-ге ғана артса, заң қабылданған уақыттан бергі жарты жылда олардың саны 400-ге көбейіп, 5 мыңнан аса адамды құрады», - деді Әділет министрі Марат Бекетаев елордада халықпен есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуынша, заң шеңберінде мамандықты игеруде кедергі болған адвокаттар алқасына кіру жарнасы мен адвокаттардың алқа басшылығына негізсіз тәуелділік тудырған адвокаттық ордерлер алынып тасталған. Заңмен тәртіптік іс-жүргізуді 2 деңгейлі жүйеде қарастыру айқындалып, жергілікті және республикалық деңгейде құрамы 6 адвокат, 3 қоғам өкілі және 2 отставкадағы судьядан тұратын тәртіптік комиссиялар құрылған.

«Адвокаттар алқасы қызметін ұйымдастыруда да өзгерістер бар. Алқа қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында интернет-ресурста қаржы-шаруашылық қызмет туралы есепті орналастырады. Адвокаттық қауымдастықты тиімді басқару үшін бір тұлғаның басқару органдарында бір мерзімнен көп болуына тыйым салынды», - деді ол.

Марат Бекетаев бұдан басқа, заң көмегінің сапасын арттыру шаралары қабылданғанын атап өтті.

«Адвокаттардың өз біліктілігін арттыру және кәсіби ұйым бекіткен ереже мен стандарттар бойынша заң көмегін көрсету міндеттілігі енгізілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң консультантының кәсіби жауаптылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Бұдан былай сапасыз көмек көрсетілген жағдайда азаматтар сақтандыру өтемақысын ала алады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алуда. Бұл көмек өтініш жасаған уақыттан бастап іс бойынша шешім қабылданғанға дейін көрсетіледі», - деді Марат Бекетаев.

Соңғы жаңалықтар