Жарты жыл ішінде Қазақстанда 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жарты жыл ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды.

Бұл мәліметтерді бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және Комитеттің «А» арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.

– Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің мән-маңызына тоқтиала келе:

– Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Сондай-ақ, дербес дамуымыздың мызғымас тірегі. Отан үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында еліміз өсіп-өркендеуде. Сіздер ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп келесіздер. Бүгінде мемлекеттің негізі және конституциялық құрылымы берік қорғалған. Тәуелсіздігіміздің құндылықтары бірнеше рет елеулі сын-қатерлерге тап келді. Сіздер бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін табанды еңбек еттіңіздер, – деді Президент.

Айта кетейік, жиында Мемлекет басшысы ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.



Фото: nieuwsblad.be


Соңғы жаңалықтар