Жарты ғасырға жуық жол саласында тер төккен маман: Бұрынғы мен қазіргі мүмкіндік жер мен көктей

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол жөндеу жұмыстарын күшейту қажеттігі жайлы мәлімдегені белгілі. Бүгінде өңірлерде жол сапасын жақтарту мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі 50 жылға жуық бұл салада тер төккен Бақыт Қалымовпен әңгіме өрбіткен болатын. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген ол жолдардың бүгінгі сапасына баға беріп, негізгі қиындықтардың қандай екендігін айтып берді.

- Әңгімемізді осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ...

- 1968 жылы мектеп бітірген соң, Өскемен құрылыс-жол институтының автокөлік жолдары факультетіне оқуға түстім. 5 жыл білім нәрімен сусындаған соң Үшаралға әскерге кеттім. 1975 жылы Отан алдындағы борышымды аман-есен өтеп келдім де жұмысқа кірістім. Еңбек өтілімді «Каздорпроект» жобалау институтында инженер болып бастадым. 1981 жылы облыстық жол басқармасына өндірістік техникалық бөлімнің бастығы болып ауыстым. 3 жылдың соң басқарманың бас инженері болып тағайындалдым. 1988-1996 жылдары аралығында жол пайдалану участогы мекемесінде бас инженер лауазымын атқардым. Ал 2001 жылы бұрынғы жол департаменті, қазіргі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-да басшының орынбасары болып тағайындалдым. Осы қызметте 17 жылым өтті. Сөйтіп, зейнеткерлікке де шықтық.

- Кеңес үкіметі кезіндегі мен қазіргі жағдайды салыстырар болсақ, жол саласында қандай өзгешеліктер бар?

- Негізінен жол саласы Кеңес заманында 1960 жылдарда дамыған. Қазақстанда Дінмұхамед Қонаевтың кезінде негізгі жол магистральдары салынды. Әсіресе 1970 жылдарда ауқымды жол құрылыстары басталған-тұғын. Әлбетте, сол уақытта қазіргідей мүмкіндіктер болған жоқ. Техника жетіспеді, әрі қолда бардың сапасы да көңілді көншітпеді. Ал бүгін техниканың түр-түрі толып тұр. Тек қаражат болса болғаны. Бұдан бөлек, заманауи жабдықтардың, жаңа материалдардың пайда болуы да жолшылардың жұмысын біршама жеңілдетті.

Алайда КСРО тұсында да артықшылықтар болды. Мәселен, қыс кезінде жол салуға қажетті материалдардың 60 пайызы дайындалып қоятын. Көктем келіп, жердің тоңы жібіген тұста жұмыс қызып жататын еді. Ал қазір конкурс ойнатылып, жеңімпаз анықталғанша біраз уақыт кетеді. Жұмыс жайырақ басталған соң, күн суыта бастағанда тапсырыс берушілер «қаражат игерілуі керек» деп асықтыра бастайды.

- Қазір облыстағы жолдардың сапасына көңіліңіз тола ма?

- Уақыт өткен сайын өңір жолдары жақсарып келе жатыр деуге болады. Бұл қуантарлық жайт. Дегенмен әлі алда талай жұмыс атқарылуы керек. Жол саласында қиындықтар да жоқ емес. Облыс бойынша маман тапшылығы байқалып отыр. Сондықтан жастарды осы салаға қызықтырып, оқу гранттарын көбірек бөлсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ендігі бір мәселе – ауыр жүк көліктері. Тонналап жүк таситын олар жолды бұзып жатыр. Заң бойынша жүруге болмайтын учаскелермен қатынай береді. Сол үшін құқық қорғау органдары бақылауды күшейткендері абзал. Тағы бір айта кетерлігі, белгілі бір жолды жөндеуге жарияланған конкурсты осы салаға мүлде қатысы жоқ компаниялардың ұтып кететіндігі. Оларда жұмыс тәжірибесі де, қажетті техника да жоқ. Мемлекеттік тапсырысты алған соң арзанға қосалқы мердігерлерді тартады. Осыдан кейін жол сапасының да сын көтермейтіндігі анық.

- Бүгінгі таңда немен айналысып жүрсіз?

- Зейнет жасында болсам да жұмысты тастай алмадым. Қазір «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС-да директордың орынбасарымын. Жастарға көрген-білгенімді үйретіп, жол нұсқап жүрмін. Техникалық жұмыстарға да араласып, құжаттарды дайындауға көмектесемін.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...

- Әйелім, 4 балам бар. 2 ұлым жолымды қуып жолшы болды. Оларды осы мамандықты таңдаңдар деп қолқалаған жоқпын. Өз еріктерімен, көңіл қалауларымен келді. Қазір Аллаға шүкір, адал еңбектерімен нәпақаларын тауып жүр. Осы ретте бір айта кеткім келетіні, көбісі жол саласында жұмыс істейтіндердің барлығын жемқорлар деп ойлайды. Бұл қате пікір. Көпке топырақ шашпаған жөн. Жарты ғасырдай жұмыс істеген мына мен біреуден кем, біреуден ілгері дегендей ел қатарлы өмір сүріп жатырмын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!



Соңғы жаңалықтар