Жарты ғасырда алғаш рет ядролық қаруды қолдану тәуекеліне тап келдік – Президент

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлем кейінгі 50 жылда алғаш рет ядролық қаруды қолдану тәуекеліне тап келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының жалпы отырысында осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет пен құндылықтар арнасында артып келе жатқан іркілістер экзистенциалды қатерге айналып келеді. Бұл қатер барған сайын күрделеніп отыр. Өйткені дезинформация кеңінен таралып жатыр және барған сайын ұтқыр әрі қауіпті болып барады. Жасанды зейіннен бастап биотехнологияларға дейінгі жаңа технологияның жаһандық әсері қаттырақ сезіле бастады. Дегенмен оларға бағытталған жұмыс тек тар шеңбердегі ұлттық шекараларда жүріп жатыр. Бұл факторлар жаһандық тәртіпке қысым көрсетіп, айнымалы мәселелерге итермелейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлем елдерінің арасында сенімсіздіктің артқанын айтты.

«Бұл қауіпсіздік режимдері мен ядролық жаппай қырып-жою қаруын таратпау тетіктерінің аясында жұмыс істеп келген халықаралық форумдардың қызметіне кері әсер етеді. Осылайша, біз белгісіздікке, тұрақсыздық пен қақтығыстарға тап келіп жатырмыз. Бұл өз кезегінде қорғаныс шығындарын, сайып келгенде, ештеңеге кепілдік бермейтін ең жаңа қару-жараққа жұмсалатын шығындарды арттыруға итермелейді. Оның дәлелі де бар. Жарты ғасырда алғаш рет ядролық қаруды қолдану тәуекеліне тап келдік», - деді Президент.

Айта кетейік, елордадағы Астана халықаралық форумының жалпы отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.

Сонымен қатар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және басқа да спикерлер сөз сөйлейді деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар