Жартас пен мұзды жарып шығатын «шөп патшасы» - қарғалдақ - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Жартас пен мұзды жарып шығатын «шөп патшасы» - қарғалдақ - Тяньшаньнет

Қытайдың Санжы облысының Мори Қазақ автономиялы ауданындағы Тянь-Шань жоталарында шоқ-шоқ жақұт білезік іспетті қарғалдақ гүлі құлпыра ашылды, деп жазады Қытайдың Тяньшаньнет ақпарат порталы.

«Қарғалдақ – Қытайдың Шын­жаң өңірінде өсетін ерекше өсімдік. Ол күрделі гүлдер тұқым­да­сының үлпілдектер (Saussurea) туысына жатады. Оның өміршеңдігі айрықша күшті болғанымен, өсу қарқыны ерекше баяу болады. Бір тал тұқымның бүршік жарғанынан тартып, гүл ашып, дән алғанына дейін 3-5 жыл уақыт кетеді. Қарғалдақ қарлы белдеуден төмен, теңіз деңгейінен 2400-4000 метр биіктіктегі тау шоқыларында, жартас жақпарларында өседі.Тянь-Шань тауының жабайы қарғалдағы әр жылы шілде-тамыз айларында құлпырып гүл ашады. Назарларыңызға осы көркем табиғат көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады Тяньшаньнет.

Айта кетейік, Қарғалдақ суық және оттегі аз ортада қарлы боранды елең құрлы көрмей, қасқайып тұра береді. Халық қарғалдақты «шөптердің патшасы», «дәрінің бірегейі» деседі. Қарғалдақ гүлі қытай, қазақ, ұйғыр шипагерлі­гінде бағалы дәрі саналады. Шынжаң қарғалдағы қожа шөп деп те аталады, оның Тянь-Шань тауы қарғалдағы, Боғда шам гүлі, т.б. аттары да бар.

Ақын Қуаныш Дәлейұлының «Қарғалдақ» атты өлеңінде:

...Көктем мен қыс құшақтасқан заңғардың,

Шет-шегінде тұрады өсіп қарғалдақ .

Еһ, қар гүлі – көктемге көз суарып,

Даналықты қыстан алған, бұл анық!

Сендік бояу еншісінде уақыттың,

Басқа гүлдер қалған шақта қуарып, – деуі де осы гүлдің қасиетін растай түседі.

Моңғолия-Кувейт қоршаған ортаны қорғау орталығы директорына Ерхулан Хизатұлы тағайындалды - KAZNEWS

Моңғолия-Кувейт қоршаған ортаны қорғау орталығы мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директорына Ерхулан Хизатұлы тағайындалды, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Моңғолия-Кувейт қоршаған ортаны қорғау орталығы мемлекеттік меншіктік кәсіпорнының директоры Ерхулан Хизатұлы Моңғолия-Кувейт мемлекеттері арасындағы қоршаған ортаны қорғау ынтымақтастығын нығайту, Халықаралық экотуризмді дамыту, сондай-ақ, сирек жануарларды қорғап, санын көбейту бағытындағы жобаларды жүзеге асыратын жауапкершілігі жоғары міндетті атқаратын болады.

Ерхулан Хизатұлы 1989 жылы Баян-Өлгей аймағы Дэлүүн сұмынында туған, 2008-2013 жылы Ұланбатыр қаласындағы Құқық қорғау университетінде заңгер мамандығын, 2014-2016 жылы Сан Университетінде Бизнес ғылымдарының магистрін, 2017-2019 жылы Басқару академиясын Мемлекеттік басқару магистрімен бітірген.

2016-2019 жылы Мемлекеттік Ұлы Құрылтай Іс басқару орнында МҰҚ мүшесінің көмекшісі, 2019-2020 жылы аралығында Құрылыс, қала құрылымы министрінің кеңесшісі, 2020-2021 жылы МҰҚ мүшесінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Иран Телерадио бірлестігі мен Қазақ радиосы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды- Parstoday

Иран Телерадио бірлестігі əлемдік қызмет торабының Қазақ радиосы мен Қазақстанның мемлекеттік радиосы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Иран Телерадио бірлестігі əлемдік қызмет торабының Қазақ радиосының мәліметінше, меморандумға Қазақ радиосының бас директоры Ернұр Көшерханұлы Бурахан мен ИИР Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Кавказ және Орта Азия елдері департаментінің басшысы Борхан Хешмати онлайн режимінде қол қойды. Тараптар екі ел арасындағы достық пен бауырластықты нығайту үшін бұқаралық ақпарат құралдарының тиімді əріптесуі қажеттігін атап өтті. Меморандумға қол қою аясында ИИР Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Кавказ және Орта Азия елдері департаментінің басшысы Қазақстандағы «Қазақ радиолары» ЖШС-ын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Хешмати екі ел БАҚ-тарының ынтымақтастығы бірінші санаттағы ақпарат көздеріне қол жеткізу үшін екі елден нақты және дұрыс жаңалықтармен жылдам алмасу, қателік жасаудан және медиа желісінің бұрыс бағытқа түсіп кетуден аулақ болуына көмектеседі деп үміт білдірді. Ернұр Бурахан Иран Телерадио бірлестігі əлемдік қызмет торабының Қазақ радиосымен ынтымақтастық меморандумына қол қойғанына ризалық білдірді», - деп жазады Parstoday агенттігі.

Жаннұр Көпжасарқызы шахматтан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды - KAZNEWS

Шахматтан Моңғолияның әуесқойлар арасындағы ел біріншілігінің күміс жүлдегері Жаннұр Көпжасарқызы шахматтан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Жаннұр Көпжасарқызы 1959 жылы құрылған француздың әйгілі «Europe Echecs» клубы ұйымдастырған онлайн-халықаралық ашық турнирге сәтті қатысып, 1600 -ге дейінгі деңгейдегі шахматшылар арасында жеңімпаз атанды. Бұл жетістігі үшін оған Еуропалық шахмат жаттығу алаңын бір жыл бойы тегін пайдалану құқығы берілді», - деп жазды Kaznews.

Еуропада тұратын қазақтардың қатысуымен кіші құрылтай өтті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен Ыстанбұл қаласында Түркия және Еуропада тұратын қазақтардың қатысуымен кіші құрылтай өтті, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Отандастар қоры» КЕАҚ-нің хабарлауынша, іс-шара аясында шеттегі қандастарға көрсетілетін мәдени-гуманитарлық, білім беру, қазақ тілін оқыту және басқа салаларда атқарылатын жұмыстар жайында баяндама жасалып, түрлі ұсыныстар талқыға салынды.

Кіші құрылтайға қатысқан қоғамның вице-президенті Мағауия Сарбасов: «Бізге алыс-жақын шет елдерде тұратын этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіріп әкелу, бөлінетін квота санын арттыру, азаматтық алып беру секілді басым бағыттарды жүзеге асыру құқығы мен құзіреттілігі берілмеген. Алайда «Отандастар қоры» өзінің өкілеттілігі шеңберінде елге оралған қандастар мен шеттегі отандастарға мүмкіндігінше көмек көрсетіп, олардың талап-тілектері негізінде құзырлы органдарға ұсыныс беріп, хат жолдап, мәселе қозғап, барынша қолдау жасап келеді. Дәл осындай жағдай шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарына да қатысты. Әрине оларды барынша қолдаймыз, бірақ оларды қаржыландыру мәселесі тиісті министрліктердің еншісінде», - деген.

Қор вице-президентінің айтуынша, Қазақстанға көшіп келуге ниет білдіргендер «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының» 1404 тегін нөміріне хабарласып, кез келген мәлімет ала алады.

Бұдан бөлек, Қазақ еліне қоныс аударуға бел буған этникалық қазақтарға арналған «Erulik.kz» (ерулік.кз) веб-платформасы әзірленген болып, ол арқылы әлемнің кез келген түкпірінен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы қарастырылған 5 облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен танысуға және қоныс аударуға қолайлы елдімекендерді таңдауға болады. Атап айтқанда, бос тұрғынжайлар, инфрақұрылым, әлеуметтік мекемелер, экономикалық әлеуеті, бос жұмыс орындары және басқа да ақпараттар ұсынылған.

«Еңбек» бағдарламасына сәйкес қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында қоныс аударушылар Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылады. Қоныс аударушы қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне тиісті әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Сонымен қатар, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру, медициналық қызметтерді пайдалану бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Жалпы, этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері «қандас» мәртебесiн алғаннан кейін, «Қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында» тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiне ие бола алады», - деген Мағауия Қанапияұлы.

Ыстанбұлға келген турист саны артты- TRT

Ыстанбұлға келген шетелдік туристер саны жылдың 8 айында 4 миллион 854 мың 4 болды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Тамыз айының өзінде Ыстанбұл 1 миллион 2 мың 722 адам келді. Тамызда Ыстанбұлға келген шетелдіктер арасында немістер бірінші орында. Бір айда Ыстанбұлға 117 мың 522 неміс турист келген. Сондай-ақ, Ыстанбқлға тамыз айында 88 мың 63 ирандық турист, 60 мың 68 ресейлік турист, 55 мың 461 франциялық турист, 49 мың 172 ирақтық турист, 39 мың 522 Америка Құрама Штаттарынан турист келді. Кувейттен 35 мың 694, Нидерландыдан 31 мың 805, Иорданиядан 31 мың 359, Украинадан 29 мың 538, Өзбекстаннан 28 мың 511, Әзербайжаннан 22 мың 457 турист келді. Ал Ливиядан 21 мың 667, Австриядан 15 мың 551, Мароккодан 13 мың 799 турист келді. Тамыз айында Ыстанбұлға 190 елден турист келді», - деп жазады TRT.



Соңғы жаңалықтар