Жарнама тілі түзелмей, мін түзелмейді – Алтынбек Әбділманов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қай қала болсын, түрлі нысандардағы маңдайша, жарнама және басқа көрнекі ақпараттың сауатты жазылуы – аса маңызды мәселе. Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділманов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.

Оның сөзінше, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 4-бабында мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігі көрсетілген.

Оған қоса, 21-бапта бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпараттың мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылатыны айтылған.

- Осы бап талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында «Еуразия» зерттеу орталығымен (басшысы, философиядан PhD доктор, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті Айдарбек Ақболатов) бірлесе отырып, «Тіл инспекциясы» жобасы көлемінде Орал қаласында түрлі нысандағы маңдайшалар мен көрнекі-ақпараттық материалдардың заңға сай жазылуын үнемі бақылауға алып, кемшіліктердің жойылуына атсалысып келеміз. «Сауатты жарнама – қала көркі» шарасы аясында да біраз жұмыстар атқарылды», - дейді А.Әбділманов.

Оның сөзіне қарағанда, еріктілер тобымен бірлесе атқарылатын жұмыс барысында алдымен, көшеде көпшілікке ұсынылған көрнекі ақпараттың мазмұнына, жазу тіліне, сауаттылығына, заң талаптарына сәйкестігіне назар аударылады. Егер нысанда тілге қатысты сауатсыздық, заң бұзушылық орын алса, суретке түсіріледі. Мекеме басшылығы атына ескерту хат беріліп, онда екі апта көлемінде жіберілген кемшіліктерді түзету сұралады.


- Алтынбек, түзетілмеген жағдайда қандай шара қолданылады?

- Түзету болмаған жағдайда хатты негізге ала отырып, жергілікті әкімдікке мәселе егжей-тегжейлі мәлімделеді, әкімшілік іс қозғау сұралады. Бұл тәжірибе БҚО тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Биыл да індетке қарамастан, жұмыс тоқтаған жоқ. «Ашық телефон желісі» (ватсап) арқылы көрнекі ақпарат пен жарнамаға қатысты әдістемелік кеңес те беріледі.

Биылғы мамыр айынан бергі кезеңнің өзінде 300-ден астам нысан жарнама мен көрнекі ақпаратты қолдануда, таратуда тіл туралы заңның баптарын орындауға қатысты бақылауға алынды. Олардың дені Н.Назарбаев, Әбілқайыр хан, Еуразия даңғылдары, М.Шолохов, С.Штыб, Құрманғазы, Ж.Молдағалиев, Д.Нұрпейісова, Ғ.Құрманғалиев, М.Мәметова секілді көшелер мен Д.Қонаев, Қадыр Мырза Әли және 4, 5-шағынаудандарда орналасқан.

- Негізінен, қандай кемшіліктер жиі кездеседі?

- Ең алдымен, мемлекеттік тілде жазба нұсқасының мүлде болмауы жиі орын алады. Нысан иелері немесе қызметкерлерінің ойынша, қазақ тілінде жазылса, тауар өтпейді, мәтін оқылмайды екен. Көпшілігі мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінінің міндетті түрде болуы керек екендігін, жалпы жарнама талабын, маңдайша мен көрнекі ақпараттың орналасу ретін білмейтін болып шығады. Мемлекеттік тілдегі нұсқаның болмауымен қатар техникалық безендірілуінде (түсі кету, әріптің түсіп қалуы, дұрыс оқылмау, т.б.) қате кетеді, сауатсыз жазылып, жөнсіз аударылады не орналастыру тәртібін сақтамайды.

Бір ғана Әбілқайыр хан даңғылында біз тексерген нысандардың 90 пайызында көрнекі ақпарат пен жарнама тек орыс тілінде орналастырылған болып шықты. Атап айтқанда, бұл «Болдырев», «Пономаренко», «Прохорчук», «Прочуханова», «Кулмаев», «Жиденко» және басқа ЖК, «Ивушка», «Алтын сом», «Ланцет» секілді ЖШС-ларға қатысты.

Орыс тілінен тікелей аударма жасағанда да қате көп кетіп жатады.

Жарнама мен маңдайшаның күтімі мен безендірілуіне, көрнекі ақпараттардың орналасуына, оның тіліне үстірт, салғырт-салақ қарайтындар да табылады. «Қазпошта» АҚ №4 бөлімшесі, «Хаулет» дүкені, «Сенокос» дүкені және басқалардың шағын хабарлама, ақпараттардың дұрыс жазылуына мән бермейтіндігі анықталды.


- Сонда олар қандай сылтау-себепті алға тартады?

- Көрнекі ақпараттармен танысу барысында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соның негізгі бөлігі заң талаптарын толық білмеуге қатысты болып келеді. Іскерлік орта адамдары жарнама материалдарымен жұмыс жасайтын агенттіктер бұл мәселені неліктен ескертпейді, неге сауатсыз аударады деген уәж айтады. Мәселенің байыбына бойласақ, жарнама дайындаушылар да бұған жауапты болуы керек сияқты. Егер жарнама дайындаушылар тіл туралы заң талаптарын басшылыққа алса, іскерлік орта әлдеқайда білікті болар ма еді деген ой туындайды. Осы орайда жергілікті билік өкілдері де қоғамға тіл туралы заңның негізгі баптарын түсіндіру, соның ішінде жеке кәсіпкерлерге жеткізу бағытында бірқатар шара ұйымдастырғаны жөн. Мысалы, роликтер таратып, мекеме заңгерлері арасында семинарлар өткізіп, әкімшілік істер негізінде тәжірибе алмасып отырса, артық болмас еді. Мемлекеттік тілде тауар атаулары тізімінің толық еместігі, дұрыс аударма сөздігінің жоқтығы да қолбайлау болуда. Бұл ретте іскерлік ортаның уәжі де негізсіз емес.


Сонымен қатар мемлекеттік идеология тарапынан тілге байланысты жүйелі жұмыстар қолға алынуы керек деп ойлаймыз. Өйткені мемлекеттік тіл мәртебесін түсінбейтіндер, яғни «Мен неге қазақша жазуым керек?», «Орысша жазылса, жеткілікті емес пе?», «Орыс тілі ресми тіл ғой» дейтіндер жиі ұшырасады.

Қорыта айтқанда, тіл туралы заң талаптарын орындамау негізінен (95 пайыз) көрнекі ақпарат пен жарнама материалдарын мемлекеттік тілде жазбауға қатысты болып отыр. Бұл ретте мекемелерге дәстүрлі түрде және індетке байланысты электронды хат жолданды. Олардың біразы қорытынды шығарды, көпшілігі жұмысымызды уақытша тоқтаттық (шын мәнінде жабық) деумен немесе жарнаманы алып тастаумен мәселені жылы жауып қоюға тырысып отыр. Айталық, «Күзет», «КМС», «Сұңқар» сынды күзет мекемелерінің жапсырма белгілері тек орыс тілінде болғандықтан, басшыларына хат жолданды. Алайда олар бұл мәселені шешуге асығар емес. Сондай-ақ «Мастер», «Азиза», «Зендрум», «Орал» қонақ үйі секілді ірі нысандардың басшыларына жолданған хаттар да жауапсыз қалып отыр. Талапты орындауға құлық танытпаған мекемелер Орал қаласы әкімдігінің назарына ұсынылды. Өкінішке орай, біз ескерту хат жазудан артық аса алмаймыз. Нәтиже мардымсыз деуге болады. Көбі қазақша жазуға құлықсыз. Басқаны айтпағанда, қазақ азаматтары басқарып отырған мекемелердің кейбірі толық орысша жазып қояды. Сондықтан жарнама тілін түзеу бағытында ел көлемінде қосымша заң тетіктерін бекітіп, ықпал ету керек деп ойлаймын.


Соңғы жаңалықтар