Жаркенттік диқандар мен малшы қауымы жылды жақсы қорытындылады

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында өңірлерде агроөнеркәсіп кешенінің әлуетін толық іске асыруды тапсырған болатын.

Бұл ретте еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жүктелді. Президент тапсырмасы әсіресе ауыл шаруашылығы саласын сараланған түрде дамытып жатқан өңірлер үшін маңызды. Осыған байланысты Алматы облысы Панфилов ауданының ауыл шаруашылығы ахуалымен оқырманды таныстыруды жөн санаған едік. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмағазы Нұрахметұлы Наймантаевтың айтуынша, биыл ауданда жалпы 40 млрд. 222 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 19 млрд 69 миллион теңгеден астамы - мал шаруашылығына, ал 21 млрд. 30 миллион теңгесі - егін шаруашылығына тиесілі екен.

- Жазиралы Жаркенттің басты байлығы - жүгері екені бүкіл елімізге белгілі. Осынау бағлан дақылды өсірудің биылғы жай-күйі қалай болды ?

- Ауданымызлың диқандар қауымы биыл жүгеріні 25 мың 885 гектарға еккен еді. Ерте көктемнен бастап қамданып, жаз бойы бел жазбай еткен еңбектің нәтижесінде жомарт күзде оның әр гектарынан орташа есеппен 67,3 центнерден дән жиналды. Барлық алынған өнім мөлшері - 165 мың тонна. Егін орағына қатысқан адам саны он мыңнан асты.

- Бұл жүгерінің биылғы бағасы қандай? Диқандарды осы ғой мазалайтын ?

Оныңыз рас. Соңғы күндерге дейін жалпы 123 902 тонна жүгері сатылып, әр килограмы 43 теңгеден айналды. Бағаға әсер ететін басты фактор - жыл сайын жүгеріні өткізетін нарықтың кеңейіп келе жатқанын айтқым келеді. Мысалы «Жаркент - крахмал сірне» зауытына биыл 101 402 тонна, «Шамалған» жүгері зауытына 11 мың тонна, «Құндыздыға» 8 мың тонна, тағы басқа да алушыларға 3,5 мың тонна жүгері сатылды. Қоймаларға сақтауға 29 899 тонна жүгері дайындалып, қырмандарда 11 192 тоннасы сақталуда.

- Ал, масақты дақылдарды өндірудегі табыстарыңыз қандай ?

- Ауданда жалпы 1062 гектар масақты дақыл бар. Оның әр гектарының өнімділігі 23 центнерге жетіп, барлығы 2408 тонна дақыл алынды. Бұның ішінде 515 гектар бидайдың әр гектарынан 22 центнерден, 517 гектар арпаның әр гектарынан 23,4 центнерден, 1345 гектар картоптың әр гектарынан 174,7 центнерден, 1209 гектар көкөністің әр гектарынан 281,6 центнерден өнім алдық. Сондай-ақ, 76 гектар жүзімнің әр гектарынан 74,1 және 4 гектар жаңғақтың әр гектарынан 10 центнерден өнім жиналды. 1110 гектарға бақ отырғызылып, 1330 гектар егістік тамшылап суарылды.. Ал 5 гектардан астам аумақты қамтитын көкөніс өсіретін жылыжайлардағы дақылдардан екі айналымының қорытындысында 850 тонна өнім алуға қол жетті.

Бір айта кетерлігі, мұндай табысқа жетуімізге Оңтүстік Кореялық «Кибан Агро» компаниясы үлкен үлес қосты. Олар жалға алған 4 гектар жылыжай аз минералданған жерасты ыстық суы арқылы жылытылады. Мұндағы жұмыс жаңа технологиялар мен ғылымға негізделген, толығымен автоматтандырылған. Жылыжайда жергілікті 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда бір жылда 600 тонна қызғанақ өсіріліп, еліміз бен Ресей нарығына шығарылды. Ал, «Жаркент - Фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа үлгідегі 90 бірлік ауыл шаруашылық техникалары агрегаттары бар. Олар биыл 730 гектарға шекілдеуік және 380 гектарға сүйекті жеміс ағаштарын отырғызып, 1110 гектар алқапты толығымен тамшылатып суғарды. «Екофишн Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылыжай кешенінің жалпы аумағы - 25 гектар. Мұнда да жерасты аз минералды, термалды артезиан ыстық суы пайдаланылады. Серіктестік тез өсіп жетілетін теляпии және Африкалық сом (жайын) балықтарды өсіріп, дамытумен айналысады. Биыл 300 тонна балық етін өндірді.

- Өндірілген өнімді сақтау мәселесі қалай шешілуде?

- Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес барлық округтерде өнімдерді сақтайтын және өңдейтін орындарды салу талап етілуде. Қазір ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма саны - 14. Оның ішінде жүгері өңдейтін «Жаркент крахмал-сірне зауыты», жүгері кептіріп сақтайтын «Эксим-бейс» серіктестігі және «Аширов Гайрат», «Абдуллаев Амролла», «Ваджидов Ғұламдун», «Машуров Тұрганбек» шаруа қожалықтарында көкөніс пен жүзімді, сондай-ақ, «Әуелбеков Айдын», «Сайдахметов Сейітбек» шаруа қожалықтарында картоп сақтайтын қоймалар бар.

- Кез келген дақылдың өнімділігі ең алдымен сапалы тұқымға байланысты болатыны белгілі...

- Ойыңызды түсіндім. Біздің басты мақсатымыз да сол: жылдан-жылға егілетін тұқым сапасын жақсарту арқылы өнім көлемін ұлғайтып, еліміздің ғана емес, басқа да алыс-жақын мемлекеттердің егіншілік зерттеу институттарындағы ғалымдардың, сала мамандарының көмегімен, аудан, облыс, республикамызға қажетті жоғарғы сортты, сапалы тұқым дайындау. Қазір ауданымызда сегіз тұқым шаруашылығы бар. Олардың жетеуі -элиталық жүгері тұқымын, біреуі - қант қызылшасы тұқымын өндіреді.

Жүгері тұқымын өндіруші шаруашылықтар жылына мың тоннадан артық жоғары сортты, сапалы жүгері тұқымымен ауданымыз бен облыстың жүгері өндірушілерін ғана емес, сонымен бірге солтүстік облыстардың да қажеттілігін өтеуде. Қант қызылшасының тұқымын өсіріп-өндіруші «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облысымызда ғана емес, республика көлеміндегі элиталық тұқым шаруашылығы болып табылады. Олар биыл 10 гектар жерде 8 тонна таза элиталық тұқым дайындады.

- Саланың техникамен жарақтандырылуы қалай ?

-Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын техникасыз елестету мүмкін емес. Оны тұрақты түрде жөндеуден өткізіп, құрамын жаңартып тұру - өте өзекті мәселе. Сондықтан былтыр бір жылда 42 техника сатып алынған болса, биыл он бір айда жалпы сомасы 370 млн. 987 мың теңгені құрайтын 40 жаңа техника алынды. Оның ішінде 25 - і трактор. Жыл соңына дейін тағы да қосымша техника алынатын болады. Қазіргі уақытта біраз шаруа қожалықтары жаңа техникаларды «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг негізінде сатып алуға ниет білдіріп отыр. Оның сыртында басқа өңірлерден де мүмкіндіктеріне қарай жаңа болмаса да, қолданыста болған әр түрлі техникалар сатып алып жатқан шаруа қожалықтары да бар.

- Су - тіршілік нәрі. Енді егістікті суғару жайына ойыссақ...

- Дұрыс айтасыз. Сусыз өмір де, өнім де жоқ. Яғни, мол өнімнің тағдыры су шаруашылығы мекемесінің жұмысына да тығыз байланысты Қазір «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ауданымыздағы өндірістік учаскесінде Басқұншы, Қорғас, Жоғарғы-қалалық, Бурақожыр, Үшарал, Еңбекші, Тышқан деп аталатын 7 гидроучаске бар. Онда 4 бөгетті гидроторап, 438 дана гидротехникалық құрылғы және 182 гидробекет жұмыс істейді. 2018 жылы мемлекеттік суландыру жүйесінен 370,0 млн. текше метр су беру жоспарланса, 20 қарашаға дейін ол көрсеткіш 417,5 млн. текше метрге жетті. 303 су пайдаланушымен келісім-шарт жасалып, 39788 гектар жерге ылғал берілді. Ауданымызда 2016 жылы Өсек су торабы, 2017 жылы Тышқан су торабы қайта қалпына келтірілсе, биыл 169,0 млн. теңге бөлініп, Шежін су торабы жасалды. Күзде Аяқ-Құншан магистралды каналының 192 метрі қайта қалпына келтірілді. Осы орайда, тәжірибелі басшы Тоқтарбай Керімқұлов басқаратын бұл мекеменің Қорғас учаскесіндегі Сейтқожа Кененбаев, Жоғарғы-қалалық учаскесіндегі Амангелді Ибрагимов, Бурақожыр учаскесіндегі Төлеген Өмірбеков тәрізді озат мамандарының еселі еңбектерін ерекше айта кеткен жөн деп есептейміз.

- Мал шаруашылығы саласының жағдайы қандай ?

- Қазір ауданда 70094 ірі қара, 312 108 қой-ешкі бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артық. Жылқы саны өткен жылы 17321 болса, биыл 17631-ге көбейді, яғни 101,8 пайыз артты.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2018 жылға асыл тұқымды 150 ірі қараға импорттық жоспар берілген болатын. Жақын күндері Ресейден «Найманбаев Н.Н.» шаруа қожалығы 150 ірі қараны - 67 млн. 500 мың теңгеге, «Дәулет Жансая» шаруа қожалығы 67 ірі қараны -28 млн. 500 мың теңгеге, барлығы 216 асыл тұқымды ірі қараны - 96 миллион теңгеге әкелді.

Ал, «Айсұлтан» шаруа қожалығы «Абердин ангус» атты ет бағытындағы 50 асыл тұқымды ірі қараны сатып алып, қазір өз төлі есебінен көбейтуде. Сонымен қатар 2019 жылға сүт бағытындағы 200 асыл тұқымды сиыр сатып алуға құжаттарын рәсімдеп, осы мақсатқа пайдалану үшін оған Сарыбел ауылынан жер бөлініп берілді. 2014 жылы жұмысын бастаған «Қастекбай қажы» шаруа қожалығының басшысы Нұрғалым Әлімқожаев «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге 400 қой алған еді. Қазір оның санын 1800-ге жеткізіп, енді оларды бордақылау алаңын салуды бастады. Сонымен қатар өткен жылдан бері 60-тан астам жылқы өсіруде, оның 36-сы бие. Ал, Пенжім ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер «ESENBAI» 600 ірі қараны бордақылауға арналған кешенін 1000 ірі қараға арнап ұлғайтып салу үшін өз қаражаты есебінен 10 млн.тенгеге құрылыс жұмысын жүргізуде.

Жалпы, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, оның өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау бойынша ауданымыздың шаруа қожалықтары 549 млн.346 мың теңге қаржы алды. Мұның сыртында биыл, яғни, 2018 жылы «Қазагроқаржы» ұйымдарынан ауданның шаруа қожалықтары бойынша 58 адам -283 млн.790 мың тенге несие алып, 903 ірі қара, 1925 ұсақ малдар сатып алды.

- Міне, қылышын сүйретіп жеткен қыс та күшіне ене бастады. Мал қыстату жағдайы қалай ?

-Қазір аудан бойынша 460 мал қыстауы бар. Оларда әлбетте, жемшөп қоры жеткілікті болуы тиіс. Өйткені, мал қысатудың табысты болуы - тікелей осыған қатысты екені де баршаға түсінікті болса керек. Сондықтан бар күш-жігерімізді жұмсай отырып, биыл 124 мың тонна көп жылдық шөп әзірледік. Сондай-ақ, 44,5 мың тонна жем дайындалды. Сонымен қыстан қысылмай щығамыз деп ойлаймыз. Жалпы, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.

- Үміттеріңіз ақталсын. Сұхбатыңызға рахмет !

Соңғы жаңалықтар