Жаркенттегі «Жауынгерлік даңқ» музейінде жастар батыр ұрпақтарымен жүздесті

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Алматы облысы Жаркент қаласындағы «Жауынгерлік даңқ» музейінде жастардың Совет одағының батыры Қожахмет Тышқанбаевтың ұрпақтарымен кездесу өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қожахмет Тышқанбаев 1916 жылы Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы «Жоламан» кеңшарындағы Малайсары ауылында дүниеге келген. 1938-39 жылдары туыстарымен бірге қазіргі Панфилов ауданының «Үшарал» ұжымшарына көшіп келген. Мұнда колхозшы, хат тасушы, тракторшы болып еңбек еткен. 1942 жылы Октябрь аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, неміс-фашист басқыншыларына қарсы майданға аттанған. Қырымда, Эльтимес деген жерде шайқасып, бір өзі жаудың бес танкісін жойып жіберген. Алайда, ауыр айқаста қатты жараланып, ерлікпен қаза тапқан. Осы жанқиярлық ерлігі үшін 1944 жылы 14 мамырда Совет одағының батыры атағы берілген.

Негізі, соғысқа Үшарал ауылындағы Тыщқанбаевтар әулетінен ағайынды Әбілқасым, Метербай, Қаспақбай, Қожахмет төртеуі аттанған екен. Өкінішке орай, Қаспақбай хабар-ошарсыз кеткен. Ал, Метербай мен Қожахметтен «қара қағаз» келген. Тек ең үлкені Әбілқасым ата аман оралып, үйлі-баранды болған. Бейбіт еңбекте де белсенді болып, 1981 жылы дүниеден озған.

Жаркент қаласындағы «Жауынгерлік даңқ» музейіндегі кездесуге осы Әбілқасым атаның ұл-қыздары, немерелері мен бірнеше шөбересі келді. Олар осында жиналған мектеп оқушыларына батыр аталарының ерлігі туралы қызықты естеліктер айтып, оның есімін ұлықтау жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесуде сондай-ақ, Жеңістің 75 жылдығына арналған және қаһарман Қожахмет туралы деректі фильм көрсетілді. Ақын-этнограф, ардагер ұстаз Әдепхан Төреханұлы, «Nur Otan» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмайылов, тағы басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, «Жауынгерлік даңқ» музейіндегі дидарласудың тағылымы туралы тереңінен толғанды. Кездесуді «Жауынгерлік даңқ» музейінің директоры Қали Ибрайымжанов қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар