Жаркентте дала өртінен қаза тапқандардың жақындарына наградалар тапсырылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртін өшірмек болып қаза тапқандар мемлекеттік наградамен марапатталды. Марқұм болған Қанат Үсенбеков, Еркінбек Оспанов және Айтқазы Немелтаевтың жақындарына «Ерлігі үшін» медалін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай-ақ өртті өшіремін деп зардап шеккен 7 азамат Ішкі істер министрлігі атынан «Өрт сөндірудегі көрсеткен ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртін өшірмек болып, жан тапсырған Қанат Үсенбеков пен Еркінбек Оспановтың артында 10 баласы - жетім, жарлары - жесір қалды. Екі ер азаматтың да бес баласы бар. Қанат Үсенбеков Панфилов аудандық әкімдігінде көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Қайғылы жағдай болған сәтте ол еңбек демалысында жүрген. Әкесінің айтуынша, Қанат өртті өшіруге ерікті болып барған.

Қаза болған жандардың бірі Лесновка ауылының 51 жастағы тұрғыны Айтқазы Немелтаев. Әкімдіктің мәліметінше, марқұм отбасын құрмаған, жұмыссыз. Ал орманшы болып жұмыс істеген 32 жастағы Еркінбек Оспановтың да артында бес баласы, жары қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 6 тамыз күні Панфилов ауданында дала өртін өшіремін деп қаза тапқан үш адамның екеуі жер қойнына тапсырылғанын хабарлаған болатынбыз. Ал марқұм болған Еркінбек Оспановты жақындары 7 тамыз күні соңғы сапарға шығарып салды.

Бұған дейін, яғни, 5 тамыз күні өрттен үш адамның қаза тауып, 7 адамның зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.

Үш адамның өмірін жалмаған Панфилов ауданындағы дала өрті 10 күннен кейін ғана ауыздықталған еді.

«Панфилов ауданы аумағындағы Өркенсай, Күйелі, Қойтас учаскелерінде қызыл жалын шарпыған аумақ шамамен 455 гектарды құраған. Сондай-ақ мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрттің аумағы 17 гектарға жеткен. Тілсіз жаумен күресуге күнделікті 50 шақты адам қатысып отырған. Өртті сөндіруге тікұшақтармен 84 рет әуеден су төгілді. 13 тамыз күні 11 сағат 15 минутта өрт толығымен ауыздықталды», - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.




Соңғы жаңалықтар