Жаркент жұрты бүлікшілер қолынан қаза тапқан курсант Жайық Адылқанды жер қойнына тапсырды

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Жаркент жұрты бүлікшілер қолынан қаза тапқан шекара академиясының 2 курсанты, ефрейтор Адылқан Жайық Угулханұлын ақтық сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Панфилов ауданы Еңбекші ауылының тұрғыны Жайық Угулханұлы бір үйдің жалғыз ұлы. 22 жастағы азамат өз борышын соңына дейін адал атқарды.

2018 жылы мектеп бітірген ол 2019 жылы Қордай шекара отрядының 2038 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. 2020 жылы ҰҚК Шекара академиясына оқуға түскен.

Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев, шекара академия ұжымы және ауыл тұрғындарымен бірге марқұмды туған ауылы Еңбекшіге жер қойнына тапсырды.

«Жайық елдікті, тәуелсіздікті қорғады. Жас болса да өзінің жауынгерлік антына, еліне президентке адал болды. Көзсіз ерлігі әрқашан біздің жадымызда. Еш ұмытпаймыз. Марқұмның отбасына және туыс-туғандарына өз атымнан және аудан халықы атынан қайғыра көңіл айтамын», - деді аудан басшысы.

Жайық Адылқан 4-7 қаңтар аралығында ҚР ҰҚК Шекара Академиясының курсанттарымен Алматы қаласындағы стратегиялық маңызды нысандарды қорғауға қатысқан. Курсанттармен «Көктөбе» телемұнарасы да қорғайды. Осы қорғаныста курсанттар бүлікшілердің шабуылына бірнеше рет тойтарыс берді. Алайда телемұнара мен академия арасындағы ұрыста Жайық бүлікшілер қолынан қаза тапты.

Осы ерлігі үшін ҚР Президенті lll дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.


Соңғы жаңалықтар