Жарқайың музыка мектебінен 600-ге жуық домбырашы түлеп ұшқан

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жарқайың ауданында ұлттық құндылығымыз, рухани байлығымыз - қасиетті домбырамызды жас ұрпаққа үйрету жұмысы жүйелі жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап. 

Қазақ - қайда жүрсе де, қолынан қасиетті қара домбырасын тастамаған халық. Көңілінің күйін күмбірлеген күй арқылы ұқтырып, әуелеген әуезді әнмен әспеттей білген. Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей мен Тәттімбеттер жанына серік еткен асыл мұрамызды бүгінде қайта жаңғырту мақсатында Жарқайың ауданында «Балалар музыка мектебі» жұмыс жасап келеді.

nullҰлт мәдениетінің мәйегі саналатын саз аспабын насихаттау шарасы бойынша аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүрген жас таланттар - осының куәсі. Елу жылдық тарихы бар бұл білім ордасын осынау ширек ғасыр ішінде 600-ге жуық түлек тәмамдаған. Бүгінгі күні домбыра сыныбында 47 жас шәкірт білім алуда.

 null«Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?» немесе «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра!». Бұл - бұрынғының мақалы. Бүгінгінің мақамы - батыстық азан-қазан, даңғыр-дұңғыр музыка екенін ешкім де жоққа шығармайды. Шыны керек, домбыра шанағынан төгілген шежірелі күй шетелдік шулы әуеннің тасасында қалып қойып жатыр.  Сондықтан, атадан мирас болған өнеріміздің өрісін кеңейту тұрғысында Жарқайың ауданында 45 жылдан астам уақыт, өнері мен өмірін киелі аспапты жас ұрпаққа үйретуге арнаған ардагер ағамыз Ахметов Аманжол Талжанұлы жайлы айта кетуге міндеттіміз. Осы уақытқа дейін Аманжол ағамыз 420 шәкіртке домбыра үйретіп, Құрманғазы, Қазанғап, Тәттімбет, Дәулеткерейдің күйлерін жас ұрпақ санасына сіңірді. Аманжол ағамыздың дарынды шәкірттерінің бірі, аудандық балалар музыка мектебінің түлегі Әл-Фараби Қайдаулов Астана қаласындағы музыка академиясының ұлт аспаптары бөлімін бітіріп, қазіргі уақытта Қазақ өнер университетінде симфониялық дирижер мамандығы бойынша оқуын жалғастыруда.

null"Әл-Фараби - Астана қаласында өткен қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында, Берлин қаласының филармониясында өткізілген «Қазақ елі классик» концерттік бағдарламасында өз өнерін көрсеткен дара таланттарымыздың бірі. 2018 жылы өткен Республикалық «Мен қазақпын» байқауына қатысып, облыста өткен гала-концертте көпшілікті өнерімен тәнті етті", - дейді ішкі саясат басқармасындағылар.

 

Соңғы жаңалықтар