Жарқайың ауданында 2 млрд теңгеге кәріз жүйесі қалпына келтірілуде-Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жарқайың ауданында кәріз жүйесін қалпына келтіру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Державинск қаласында қолға алынған жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгені құрап отыр. Жоба бойынша қаладағы кәріз жүйесі тазалау нысандарымен бірге жаңғыртылмақ. Қазіргі кезде, тазалау нысандарының іргетасы қалануда.

«Оған қоса, кәріз жүйесі құбырларының желісі бойында КНС-1, КНС-2 және КНС-3 насос стансаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 2 эксковатор, 7 жүк көлігі, 2 бульдозер және 1 жүк көтергіш машина жұмылдырылып отыр. Жақында тағы 3 эксковатор тартылмақ», - деп түсіндірді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гүлжан Байегізова.

Жалпы, Жарқайың ауданындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын жаңғырту, әлеуметтік сала нысандары мен көліктік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру үшін 2017 жылдарға 1374,6 миллион теңге қаржы бөлінген.

Соңғы жаңалықтар