Жәрдемақыны аудару: Көмекке мұқтаж адамдарды ХҚКО-да тіркеуге тұрғызу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлия Әбсеметова әлеуметтік қолдауды қолжетімді ету мақсатында көмекке мұқтаж адамдарды халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты және уақытша тіркеуге тұрғызу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде елімізде әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж жандар мемлекеттен тиісті әлеуметтік көмек түрлерін алып отырғаны белгілі.

Алайда, бұл тұста қиындықтар туғызып отырған мәселелер де бар.

«Әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттарына» сәйкес, кейбір көмектер мен жәрдемақыларды алу үшін азаматтардан тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжат талап етіледі. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір жерде тіркеуде 6 ай тұру керек. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар негізінен жағдайы төмен отбасы мүшелері екені белгілі. Олардың көбісінің басында үйі жоқ, сәйкесінше белгілі бір жерде ұзақ мерзімде тіркеуге тұруға мүмкіндігі болмайды», - деді Ә. Әбсеметова Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Осы орайда үйі жоқ болғандықтан, таныстарына, туыстарына, тіпті бөтен адамдарға жүгініп, ай сайын ақша төлеп тіркелуге мәжбүр болады.

«Олар өз үйі болмағандықтан, тұрғылықты жерін де жиі ауыстырады. Ал, түрлі себептермен олар тіркеуден шығып, басқа мекенжай бойынша тіркелгеннен кейін, олар әлеуметтік көмектен 6 айға қағылады. Бұл жағдай, онсыз да қиналып отырған көпбалалы аналарға қосымша ауыртпалық түсіруде. Ал енді мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгені туралы талаптар қойылады. Уақытша тіркеу әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға жарамайды. Егер мұқтаж жандардың жеке меншігінде үйі болмаса, тұрғылықты тұратын жері жоқ болса, сонда бұл азаматтар әлеуметтік көмекті қалай алады? Сол себепті, баспанасы жоқ көпбалалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған азаматтар, мүгедектер үшін және басқа да мұқтаж жандар үшін қажеттілігі бойынша әлеуметтік көмекті, жәрдемақыларды қолжетімді әрі тиімді ету мақсатында, оларды Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты және уақытша тіркеуге тұрғызу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз», - деді депутат.

«Екінші мәселе, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтуға қатысты. Қазіргі күні оларға мемлекет тарапынан кезекке сәйкес тұрғын үй тұрғылықты мекенжайы бойынша, яғни, тек өзі тұратын елді мекеннен беріледі. Ал бір ауданда көбірек үй беріліп жатса, екіншісінде тіпті мүлдем берілмеуі мүмкін. Өйткені, облыстар арасында және бір облыстың ішіндегі аудандар арасында республикалық бюджет қаржысы есебінен тұрғын үй салу мен беру қарқыны әртүрлі», - деді ол.

Депутаттың пайымынша, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға облыстың кез келген ауданынан, болмаса еліміздің басқа облысынан тұрғын үйді таңдау мүмкіндігін беруді қарастыру керек.

«Екіншіден, балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан жасөспірімдердің аңғалдығын, жақыны жоғын пайдаланып, алаяқтар олардың баспанасын тартып алған жағдайлар да кездеседі. Сол себепті, жетім жасөспірімдерге берілген тұрғын үй алаяқтық жолмен қолды болып кетпесі үшін, оларға берілген сәттен бастап 5 жылға дейін тұрғын үйді сатуға шектеу қою қажет деп санаймыз», - деді Әлия Әбсеметова.


Соңғы жаңалықтар