Жәрдемақы үлкендерге емес, балаларға беріледі – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жаңа әлеуметтік төлемге көңілі толмайтын көпбалалы аналар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген реформаға көңілі толмайтындар табылады. Бірақ, бұл барлығына ұнамады деген сөз емес. Сондықтан, мемлекет баяғы қателіктерін қайталады деп айтуға болмайды. Қазірдің өзінде 400 мың отбасы – 2,5 млн адам жәрдемақы алып үлгерді. Аз қамтылған санатқа жатпайтын, бірақ 4 бала өсіріп отырғандарға да көмектесу керек», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, барлық көпбалалы ата-аналар аянбай жұмыс істеп, көп нәрседен бас тартуға мәжбүр.

«Несие алып, уақытында төлеуге міндеттелгендер бар. Олар да балаларын жақсы киіндіріп, қолайлы жағдайда өсіргісі келеді. Неге оларға мемлекет көмектеспеуі керек? Аз қамтылған азаматтарға мемлекет жұмыс тауып беруге міндетті, ал жәрдемақы табыс көлемінен тыс барлық көпбалалы отбасыларға беріледі. Көпбалалыларға берілетін бұл жәрдемақы еңбекке жарамды үлкендерге емес, балаларға беріліп отыр. Осыны түсіну қажет», - деді Д. Абаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы беріледі.

Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге төленеді.

Жалпы алғанда, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 177,6 млрд теңге көзделген. Бұл жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алатын болады.



Соңғы жаңалықтар