Жарақатынан айыққан Әбілхан Аманқұл рингке қайта оралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл бірнеше айға созылған үзілістен соң шаршы алаңға қайта оралды. 75 келіде сынға түсетін ол келесі айдан бастап халықаралық турнирлерге қатыспақшы, деп жазады Olympic.kz.

"Былтырғы Қазақстан біріншілігінің финалында иығым шығып кеткен болатын. Сол жарақаттың салдарынан біраз уақыт бокстан алшақтап қалдым. Емделуге шамамен төрт ай уақыт кетті. Аллаға шүкір, бүгінде бабымдамын деп айтсам болады. Жеке бапкеріммен бірге жаттығу жұмыстарын бастадым. 22 мамырдан бастап ұлттық құрама қатарында жаттығу жиындарына қатысамын. Ал келесі айда бізді бірнеше халықаралық турнирлер күтіп тұр", - дейді Әбілхан.

Жақында Тайландта өткен Азия чемпионатында 75 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет топ жарды. Осыдан соң, жанкүйер қауым дереу үздіктерді салыстыра бастады. Әбілханның өз салмағындағы бәсекелестікке қатысты айтары жоқ емес.

"Азия чемпионатында Тұрсынбай өте жақсы өнер көрсетті. Оған тілеулес болдым. Әзірге екеуміз жолыққан емеспіз. Бірақ кім жеңсе де, қазақтың туы биіктен түспесе болды. Олимпиада ойындарына кім аттанарын уақыт көрсетеді. Менің ұстанымым біреу - кім барса да, көк байрағымызды желбіретіп қайтсын. Біздің салмақта бәсекелестік өте жоғары. Бәсекелестік жоғары болғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз", - дейді боксшы.

Соңғы жаңалықтар