Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Алматы әуежайының келбеті қандай - фоторепортаж

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан әкімшілік және сауда ғимараттарымен қатар, халықаралық әуежайы да зардап шекті. Оны бүлікшілер басып алды, нысан кейіннен арнайы операция кезінде босатылды. 13 қаңтардан бастап әуе айлағы өз қызметін қайта бастады, ал 19 қаңтардан штаттық режимде жұмыс істейді. ҚазАқпарат фототілшісі қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген әуежайда болып қайтты.

Халықаралық әуежайдың баспасөз қызметінің жетекшісі Найля Жабагина бүгінде ғимаратты қалпына келтіру аяқталғанын, ішкі әрлеу жұмыстары қалғанын айтты. «Әуежай бүгіннен бастап штаттық режимде жұмыс істейді. Қайғылы оқиғаларға дейін болған ішкі және халықаралық рейстердің ағымы біртіндеп қалпына келтірілуде», - деді ол.

Оның айтуынша, бүлікшілер 5 қаңтар күні Алматы халықаралық әуежайын басып алған. Олар әуежай ішіне кірген соң, жалға алушылардың бутиктерін қиратып, әйнектерді сындырған, бейнекамералар орналасқан серверлерге де зақым келтірген. Әуежайға шабуыл жасалған тұста мұнда 1 мыңға жуық адам болды. Олардың барлығына өз уақытында эвакуация жасалды.

«Әуежайды шабуылдауға 40-50-ге жуық адам келе жатыр деген ақпарат түсе салысымен бізде эвакуациялау жоспары жасалды. Сол бойынша сағат 19.30 шамасында жолаушылар мен қызметкелер шұғыл сыртқа шығарылды, перрон жақта дайын тұрған автобусқа отырғызылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Құдайға шүкір, бізде зардап шеккен жолаушылар мен қызметкерлеріміз болған жоқ», - деді Найля Жабагина.

Бүлікшілер әуежайдан 6 қаңтар күні сағат таңғы 4-тер шамасында шығарылды. Олар қиратып кеткен заттар бірнеше күнде қайта қалпына келтірілді.

«Әуежайға шабуыл жасалған кезде іште күзет қызметі, әуежайдың ауысым бастығы қалған. Олар келесі 5-6 күн бойы да әуежайдан басқа ешқайда кетпеген. Әуежай басшылығы олардың ерліктерін ескеріп, лайықты марапаттарын ұсынатын болады», - деді әуежайдың баспасөз хатшысы.

Қазіргі уақытта әуежайға келген залалдың сомасы есептелуде. Әуежай қайта ашылған 13 қаңтардан бастап шамамен 50 мың жолаушыға қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта әуежай мен терминалына билеті бар жолаушылар ғана жіберіледі.

Еске салсақ, Алматыда төтенше жағдай режимі және коменданттық сағаттың аяқталуына байланысты бүгіннен бастап Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмысын жүргізе бастады.


Соңғы жаңалықтар