Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан құжаты жойылып кеткен кәсіпкерлерге төлемақы қалай берілмек
2022 жылғы 25 қаңтар 20:20

Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан құжаты жойылып кеткен кәсіпкерлерге төлемақы қалай берілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елде болған жаппай ереуілдердің салдарынан құжаты мен есеп-қисабы жойылып кеткен кәсіпкерлерге мемлекеттік төлемақының қалай берілетіні айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге кәсіпкерлерге төлемақы беру рәсімі жеңіл болса, құжат болмаған жағдайда нысанды барып көрсете салса деген секілді ұсыныс келіп жатыр. Өкінішке қарай, төлемақы өтеу талабын өзгерте алмаймыз. Себебі, бұл мемлекеттің ақшасы, салықтан түскен ақша. Яғни оның есебі мен сұрауы бар. Иә, біз түсінеміз, кейбір кәсіпкерлердің құжаттарымен қатар, есеп-қисаптары өртеніп кетті», - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Facebook парақшасындағы тікелей эфир барысында.

Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, құжаты жойылып кеткен кәсіпкерлерге төлемақы өтеудің әдісі әзірленді.

«Оның екі жолы бар, бірінші, мекеменің орташа есеппен салық және тауар айналымы көлемін есептеп шығару арқылы. Яғни залал келген мүлікті дефект акт арқылы қарап шығуға болады. Екінші жолы, соттың талдау нәтижесі арқылы қарап, анықтауға болады. Әр мәселе өңірлерде құрылған комиссияда жеке қаралады», - дейді ол.

Бұған дейін ұлттық палата басшысы жаппай ереуілдер кезінде залал келген кәсіпкерлерге төлемақы қашан беріле бастайтынын айтқан еді.



Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT