Жаппай тәртіпсіздіктер: Қазақстандық кәсіпкерлер нысандарды қайта қалпына келтіруге 2 млрд теңге бөлді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық бірнеше бизнес өкілі бірігіп жаппай тәртіпсіздіктерден кейін елді қайта қалпына келтіруге 2 млрд теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз достарымызбен бірге көптеген қайырымдылық жобаларға қаржылық қолдау танытамыз. Жеке, қоғамдық ұйымдар, аналар үйі, Iqanat және тағы сол сияқты. Ал ауыр қайғылы жайт болғанда, біз бірігіп, қол ұшын созуға тырысамыз. Елдегі жағдайдан соң достарымызбен ақылдаса келе 2 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Аталған қаражат біраз мәселені шешуге септігін тигізеді деген үміттемін. Әрине, бөлінетін қаражат алдымен Алматыға, ондағы марқұм болған жандардың отбасы мен жақындарына жұмсалады. Содан соң Шымкент, Талдықорған, Тараз және тағы басқа қалаларға бағытталады», - деп жазды танымал кәсіпкер, «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Instagram парақшасында.

Сондай-ақ, бизнесмен қазақстандықтарды қиын сәтте ұйымшыл болуға шақырды.

«Соңғы оқиғалардан кейін алтау ала болса ауыздағы кетеді деген сөздің астарында не жатқанын түсінгендейміз. Сондықтан барлығымыз бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осы қиындықтарды да жеңетінімізге сенемін. Күшіміз бірлікте. Жаңа Қазақстанымызды құруға бірге ат салысайық», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар