Жаппай тәртіпсіздіктен кейінгі Алматы көрінісі – фоторепортаж

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаппай тәртіпсіздіктен кейін Қазақстанның ең ірі қаласы орасан зор шығынға ұшырады. Көптеген ғимарат пен сауда орындары тоналып, өртенді. Бүгінгі күні қалада лаңкестікке қарсы арнайы операция әлі жалғасып жатыр. Армия мен полиция негізгі нысандарды жауып тастады. ҚазАқпарат фототілшісі Алматы көшелерінің бүгінгі көрінісін көрсетті.

ҚазАқпараттың Алматыдағы фототілшісі қаланың орталық көшелерін аралап шықты.

Бұзақылар мен лаңкестерден ең көп зардап шеккен қаланың орталық алаңы қазір қоршауға алынған. Мұнда бірнеше әскери бөлімше кезекшілік етуде. Олар өтіп бара жатқан адамдардың құжаттарын мұқият тексереді.

Мегаполисте бірқатар ғимарат пен дүкен тоналып, өртенді. Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді залалдың ауқымы мен сипатын фото және видеоға мұқият түсіруге шақырады.

Қаланың кей жерлерінде тұрғындар балаларымен серуендеп жүр. Дегенмен, көпшілігі әлі де үйлерінен шығуға қорқады.

Банкомат, дүкендер мен наубайханалар алдында кезек байқалады.

Ірі сауда желілері, базар, дәріхана мен жанар-жағармай құю станцияларының жұмысы кезең кезеңімен қалпына келтірілуде.

9 қаңтарда мегаполистің барлық аудандарында 77 супермаркет ашылды. Қалалық штаб азық-түлік қоры жеткілікті деп сендірді.

Бүгінде қалада 70 желілік және 40 ірі бөлшек дәріхана жұмыс істеп тұр. «Барыс», «Алматы-1», «Арыстан» базарлары да ашық.

Сонымен қатар, 44 жанар-жағармай құю бекеті ашылды, тағы 25-ке жуық станса ашуға дайындалуда.

Бензин мен дизель отынының құны бұрынғы деңгейде сақталды, газдың литрі 70 теңгеге дейін төмендетілді .

Сондай-ақ, Алматының коммуналдық қызметі қаланы тазарту жұмыстарына кірісті . Кеше қалада 950 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

Қалада бағдаршам нысандарын қалпына келтіру жұмыстары басталды, алдын ала мәліметтер бойынша жаппай тәртіпсіздік кезінде 40 бағдаршам істен шыққан. Қайта қалпына келтіру жұмыстарының сметалық құны 72 млн теңге.

Қала тіршілігін қамтамасыз ету штабының мәліметінше, Алматыдағы барлық білім беру ұйымдары қатаң бақылауда. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептердегі қысқы демалыстарды 17 қаңтарға дейін ұзартты. Ал жоғары оқу орындары мен колледж студенттері 24 қаңтарға дейін демалады.

Бүгінен бастап Алматыда қоғамдық көліктер 11 бағыт бойынша қайта жүре бастады.

Қазіргі уақытта Алматы халықаралық әуежайында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Келтірілген шығын есептеліп жатыр.

Алматы комендатурасы қала тұрғындарын сақ болуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар