Жапониядағы су тасқыны: толассыз жауған жауыннан 100 адам қаза тапты

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапонияның батыс бөлігінде толассыз жауған жауын-шашыннан су тасқыны мен көшкін орын алып, салдарынан кем дегенде 100 адам қаза тапты, деп хабарлайды BBC. 

The Japan Times басылымының хабарлауынша, тағы 50 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Бейсенбіден бастап Жапонияның батыс бөлігінде шілде айындағы қалыпты жауын-шашын көлемінен үш есе көп жаңбыр жауған. Екі миллион адам өзеннің арнасынан шығып, тасуына байланысты эвакуациялануға мәжбүр болды.

«Біз бұрын-соңды мұндай жаңбырды көрген жоқпыз», - деп мәлімдеді Жапония метеоқызметі.

Құтқарушылар дүйсенбі күні таңертең болған лай көшкінінен аман қалғандар немесе қаза тапқандардың денесін іздестіріп жатыр.

Окаяма префектурасының ресми өкілі мәлім еткендей, судың деңгейі ақырын төмендеп жатыр.

Қаза тапқандардың көбі Хиросима префектурасында тіркелген.

Премьер-министр Синдзо Абэ жексенбі күні құтқарушылардың «тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын» хабарлады.

«Із-түзсіз жоғалған адамдар көп, басқаларға көмек көрсету қажет», - деді ол журналистерге. 

Соңғы жаңалықтар