Жапониядағы анимация студиясынан шыққан өрт құрбандарының саны 33-ке жетті

None
None
КИОТО. KYODO-ҚазАқпарат - Нақты деректер бойынша, Жапонияның Киото қаласындағы Kyoto Animation Co. анимация студиясынан шыққан өрт салдарынан отыз үш адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Киодо Цусин агенттігіне сілтеме жасап.

Өрттен 33 адам қаза тауып, 36 адамды күйік шалған. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.

Бұған дейін белгісіз біреу Kyoto Animation Co. анимациялық студиясында жанатын сұйықтық төгіп, сол жерде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:35-те өрт басталғаны хабарланған еді. Өрт шыққан кезде үш қабатты ғимаратта 70-ке жуық адам жұмыс істеп жатқан.

Полиция хабарлағандай, ер адамның «Өл!» деп айқайлап, ғимаратты жағып жібергенін көрген куәгерлер бар. Сондай-ақ, оқиға орнынан пышақтар табылған.

Полицияның дерегі бойынша, жарақаттанып, ауруxанаға жеткізілгендер арасында 41 жастағы ер адам өрт қойғанын мойындаған.

Жапонияда «KyoAni» атауымен танымал Kyoto Animation студиясы «K-On!» және «Харухи Судзумия меланxолиясы» (Suzumiya Haruhi no Yuutsu) атты телевизиялық анимациялық xикаяларды шығарған. Компанияның негізі 1981 жылы қаланған. Ол жас ұрпаққа арналған бірқатар анимациялық фильмдер түсірген.

Анимация студиясынан шыққан өрт Жапониядағы соңғы жылдардағы ең ауыр апаттардың бірі саналады. 2001 жылы токиолық Синдзюку ауданындағы ғимараттардың бірінде болған өрт салдарынан 44 адам көз жұмған еді. 2008 жылы Осакадағы видеосалонға қасақана қойылған өрттен 16 адам қаза тапты.


Соңғы жаңалықтар