Жапонияда коронавирус жұқтыру жағдайы рекордтық көрсеткішке жетті

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат – Жапонияда коронавирус жұқтыру оқиғалары бүгін алғаш рет 1000-нан асты. COVID-19 жұқтырғандар Токионың сыртында көп тіркеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа жұқтыру оқиғаларының рекордтық көрсеткішке жеткеніне тұрғыны көп прекфектуралар, оның ішінде Аити мен Осакада сырқаттанғандар санының артуы себеп болды. Жапонияда 47 префектураның ішінде бұған дейін COVID-19 жұқтыру оқиғасы тіркелмеген жалғыз Иватеде бүгін алғашқы инфекцияға шалдыққан адам анықталды.

Осака префектурасы үкіметі 221 коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелгенін мәлімдеді.

Осака секілді Аитиде де COVID-19 жұқтырудың тәуліктік рекорды тіркелді. Екінші күн қатарынан 167 вирус жұқтыру оқиғасы анықталған.

Бүгін Токио билігі 250 вирус жұқтырған адам тіркелгенін хабарлады. Жапония астанасында сырқаттанғандардың жалпы саны 11 861-ге жетті. Оның жартысы осы айда тіркелген.

Елдегі коронавирус жұқтырғандар санының үштен бірі Токионың үлесінде, онда инфекцияға шалдыққандар саны 33 900-ден асты, оның 700-ге жуығы ақпанда Иокогама портында карантинге жабылған Diamond Princess круиздік лайнеріне тиесілі.

Токио билігі бірнеше апта бұрын ең жоғарғы дабыл дәрежесін енгізген болатын.


Соңғы жаңалықтар