Жапонияда қонақүйде қызмет ететін роботтардың жартысы «жұмыстан шығарылды»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапониядағы Henn na Hotel қонақүйінің иелері робот қызметкерлерінің жартысын «жұмыстан шығарды». Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2015 жылы Жапонияның Сасебо аралында ашылған қонақүй Гиннестің рекордтар кітабына роботтар қызмет ететін әлемдегі алғашқы отель ретінде енгізілген болатын.

«Қазірге дейін қонақүй 243 роботтың жартысын жұмысқа жарамсыз деп таныды. Өйткені олар қонақтарға қызмет етуде көбірек қиындық туғызған», - деп жазады басылым. Қонақүйдің бас менеджері Такеоси Ои технология атаулы төрт жылда ескіріп үлгеретінін айтады. Оның сөзіне қарағанда, құлтемірлерді жаңасына алмастыру тым қымбатқа түсетін көрінеді.

Роботтар қонақүй тұрғындарына кәдімгідей қиындық тудырған. Мәселен, бөлмедегі робот ұйықтап жатқан адамның қорылын түсінбей, «Сізге қандай көмек қажет?» деп оята беретін болған. Ал отельге уақытша келетін қонақ роботты қалай сөндіруді де білмейді.

Темір қызметкерлерге тағылатын сын көп. Қонақүйде 100-ден астам бөлме болса, соның 20-сына ғана роботтар қонақтардың қол жүгін апара алады, олар тек тегіс жерде ғана қозғалып, жаңбырдың суы тисе бұзылып қалады.

«Олар өте жай жүреді, есесіне ызыңдап мазаңды алады. Екі робот кезіксе, бір-бірін айналып өтуге «миы» жетпейді», - деп шағымданады отель қонақтарының бірі.

Соңғы жаңалықтар