Жапонияда Қазақстан астанасының құрметіне жаңа сакура сұрпы шығарылды

None
None
САППОРО. ҚазАқпарат – Жапонияның Хоккайдо аралында Қазақстан астанасының құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп аталатын өрік ағашының жаңа сұрпы гүлдеді. Жаңа сұрыпты Хоккайдо префектурасының Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан» сакурасының ерекшелігі минус 40 градусқа дейін аязға төзімді – бұл елорданың ауа-райына бейімделу үшін ең қажетті сипаттаманың бірі.

Қазақстанның астанасын бейнелейтін өрік гүлі қос гүлдену ерекшелігіне байланысты 10 аппақ күлте жапырақшадан тұрады, ал сакураның басқа сұрыптарында әдетте 5 жапырақша ғана бар.

Сакураның жаңа сұрпының авторы - Хоккайдо префектурасы Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының докторы Йоичи Вакита.

«Менің әлемдегі суық аймақтарда сакураны өсірумен айналысатын молекулярлық биолог ретіндегі мақсатым – аязға төзімді сакураның генетикалық әлеуетін үнемі кеңейту. «Нұр-Сұлтан» сұрыпы ғылыми эксперимент, сондай-ақ қазақ халқына сыйлық-тілек болып табылады. Гүлдеп тұрған сакураны тамашалау жапон халқының негізгі мәдени коды және буддистік сенімдердің негізінде сакура гүлдері табиғаттың шығармашылық күшін және көктемнің келуін білдіреді. Осылайша, мен Қазақстанға коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатып, дағдарыстан тез арада шығуды тілеймін», - дейді Йоичи Вакита.

Аязға төзімді «Чишимазакура» сакурасының түрі Жапонияның ең солтүстік аймағы – Хоккайдо префектурасында өседі және Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты биотехнологияларды қолдану арқылы өрік ағашының осы түрін сұрыптаумен айналысады.

Танымал жапон сәулетшісі және Нұр-Сұлтан қаласы бас жоспарын әзірлеуші Кисё Курокаваның ұлы Микио Курокаваның айтуынша, оның әкесі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше сеніміне арқа сүйей отырып Қазақстан астанасының бас жоспарын әзірлеу кезінде өзінің метаболизм мен симбиоз архитектуралық бағытының тұжырымдамасын іске асырды. Архитектордың негізгі идеясы «симбиотикалық сәулет» принципі бойынша қалалық және табиғи ортаны үйлестіру болды.

«Жапон ғалымдары әзірлеген Нұр-Сұлтан атты сакураның жаңа сұрпы біздің елдерді біріктіретін тағы бір фактор болатынына сенімдімін», - деді М.Курокава.

Сакура деп атайтын өрік ағашы Жапонияның ұлттық бренді. Ханами немесе гүлдеу кезінде сакураны тамашалау дәстүрі жыл сайын елге миллиондаған туристерді тартады. Бұл артықшылықты Германия, Франция және АҚШ сияқты жайлы климаты бар өңірлерде орналасқан елдер шетелдік туристерді тарту үшін пайдалануда.

Жапонияда ханами кезеңі ыстық Окинавада ақпан айынан басталып, аязды Хоккайдода мамырға дейін созылады. Сакура гүлдерінің «толқыны» біртіндеп елдің оңтүстігінен солтүстігіне таралады. Жапон аралдарының пайда болуынан бастап өсіп келе жатқан елде 10-ға жуық жабайы сакураның түрі бар. Жапондықтар үшін сакураны тамашалайтын ең ыңғайлы орын – Шиндзюку ұлттық паркі, онда 300-ден астам сакураның сұрпы отырғызылған.


Соңғы жаңалықтар