Жапонияда бала туу көрсеткіші соңғы 100 жылда болмаған деңгейге төмендеді

None
Фото: english.kyodonews.net
ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапонияда 2022 жылы туған балалар саны 800 мыңға азайды. Бұл 1899 жылдан бері тіркелген ең төмен көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат KYODO NEWS сілтеме жасап.

Жапония денсаулық сақтау министрлігі таратқан алдын ала мәлімет бойынша, 2022 жылы жаңа туған нәрестелердің жалпы саны 5,1 пайыз төмендеп, 799 728 адамды құрады. 2017 жылы елде бала туу көрсеткіші 2033 жылдан бастап ғана 800 мыңнан төмен түседі деп болжанып келіп еді.

Сарапшылар елдегі бала туу көрсеткішінің төмендегенін ұзақ уақытқа созылған COVID-19 пандемиясынан туындаған өмір салтын өзгерту және адамдардың кеш үйлену немесе мүлдем үйленбеуі себеп екенін айтуда.

«Бұған сондай-ақ көптеген күрделі факторлар, соның ішінде жастар арасындағы қаржылық қауіпсіздік және әлеуметтік байланыстың аз болуы да себеп», - деді Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің өкілі.

Премьер-министр Фумио Кишиданың әкімшілігі елдегі демографиялық жағдайды барынша жақсарту үшін «бұрын-соңды болмаған» шаралар қабылдамақ. Оны наурыз айының соңына дейін жариялайды.

Еске салсақ, ҚазАқпарат тілшісі Оңтүстік Кореядағы демографиялық жағдайдың нашарлағаны туралы жазған болатын.
Соңғы жаңалықтар