Жапония Түркия мен Сирияға 27 млн доллар көлемінде көмек береді

None
Фото: Kyodo
ТОКИО. ҚазАқпарат – Жапония осы айдың басында зілзаладан зардап шеккен Түркия мен Сирияға 27 миллион доллар көлемінде жедел гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы жұма күні ел үкіметіндегі дереккөз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Министрлер кабинетінің бас хатшысы Хирокадзу Мацуно баспасөз мәслихатында атап өткендей, Жапония халықаралық мекемелер желісі бойынша Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге баспана, азық-түлік және басқа да қажетті заттар ұсыну үшін 16 миллион АҚШ доллары көлемінде жедел көмек көрсетеді.

Сондай-ақ Токио екі елді қолдау мақсатында Жапонияның үкіметтік емес ұйымы арқылы 4 миллион АҚШ долларын, Сирияға халықаралық қоғамдастық грантын бағыттайтын сенімгерлік қорына 7 миллион АҚШ долларын ұсынады.
Х.Мацуноның айтуынша, Жапония үкіметі жойқын зілзаладан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге көмектесу үшін Түркия мен Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырады.
Түрік және Сирия билігінің мәліметтері бойынша, табиғи апат салдарынан екі елде қаза тапқандардың жалпы саны бүгінде 50 мың адамнан асты.


Соңғы жаңалықтар