Жапония Қазақстанмен аэроғарыш саласында ынтымақтасуға ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 қаңтар күні Қазақстаның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігінің (ЖАЗА) төрағасы Наоки Окумурамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ-ге сілтеме жасап.

Е. Баударбек-Қожатаев Қазақстанның космостық жобаларының іске асырылуы жайында айтып берді.

Н. Окумура екі ел ынтымақтастықтың қалыптасу кезеңінен сәтті өткендігін және Қазақстан Ұлттық аэроғарыш агенттігі мен ЖАЗА арасындағы өзара ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге шыққандығын атап өтті.

Тараптар 2010 жылы  қаңтарда ҚР Ұлттық аэроғарыш агенттігі мен ЖАЗА  арасында қол қойылған Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі іске асырудың маңыздылығы туралы айтты.

ЖАЗА өкілдері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауының негізгі басымдықтарымен және Қазақстандағы инновациялық технологиялардың енгізілуімен таныстырылды.

Бұған қоса, Елші Н. Окумураны 2018 жылғы 23-26 мамырда Астанада өтетін «KADEX - 2018» халықаралық көрмесіне шақырды.

ЖАЗА  төрағасы Қазақстанның Халықаралық ғарыш станциясында жұмыс істейтін жапондық ғарышкерлердің ұшып кету мен қауіпсіз қону орны болып табылатындығын ризашылықпен атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жапон халқы өздерінің кезекті ғарышкері Норисиге Канаидың осы жылы маусымда Қазақстан жеріне қайтып келуін күтуде.

Соңғы жаңалықтар