Жапония халқы Синдзо Абэнің жерлеу рәсімін мемлекеттік деңгейде өткізуге қарсы

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат – Жапония халқының көбі бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэнің жерлеу рәсімін мемлекеттік деңгейде өткізуге қарсы. Бұл тұжырым аталған елдің Kyodo бас ақпарат агенттігі жүгізген сауалнама нәтижесінде жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, тұрғындардың 53,3 пайызы Синдзо Абэнің жерлеу рәсімін мемлекеттік деңгейде өткізуге қарсы. Ал, 45,1 пайызы бұған қолдау көрсеткен. Тағы 61,9 пайыз халық бұл мәселе бойынша Парламентте арнайы тыңдау өткізу қажет деген пікір білдірген.

Еске салайық, 27 қыркүйекте Жапония үкіметі бұрынғы премьер-министрдің жерлеу рәсімін мемлекеттік дәрежеде өткізу туралы шешім қабылдады. Оған көптеген шетелдік делегациялар, мемлекет басшылары келеді деп жоспарланған. Жерлеу рәсімі Токиодағы император сарайының жанындағы Будокан аренасында өтеді.

Ал, 12 шілдеде Токиодағы Дзодзеджи ғибадатханасында отбасы мүшелері, жақын достары мен серіктестері үшін будда дәстүрімен жерлеу рәсімі өткен еді.

Айта кетейік, 8 шілдеде Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэге қастандық жасалып, салдарынан саясаткер көз жұмды .


Фото: Yoshio Tsunoda/Global Look Press



Соңғы жаңалықтар