Жапония елшілігі император Нарухитоның туған күніне орай салтанатты қабылдау өткізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі Астана қаласында Жапонияның 126-шы императоры Нарухитоның туған күніне орай салтанатты қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға ҚР-да аккредиттелген шетелдік дипломаттар, ҚР мемлекеттік органдары және мәдени орта өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада труба музыка аспабымен екі елдің Мемлекеттік гимнін орындап, құттықтау сөз сөйледі.

Елші өз сөзінде өткен жылы бүкіл адамзатқа COVID-19 індетімен қатар, экономикалық тоқыраулар, сондай-ақ қарулы қақтығыстар сынды сын-қатерлер дөп келгенін айтты.

«Осындай жағдайда Қазақстан қазір көптеген елдердің елеулі назары мен таңданысын тудырып, дүние жүзіндегі бұдан да маңызды ойыншыға айналып отыр», - деді Джун Ямада.

Сонымен қатар, Жапония Елшісі екі елдің өткен жылғы табысты қарым-қатынасын, екі жақты жоғары деңгейлі саяси диалог жүргізгенін еске салды.

Салтанатты қабылдауға арнайы келген Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Досбол Бекмағамбетов қонақтарды Жапонияның Ұлттық күні – Императордың туған күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Жапония еліміздің маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін айтты.

«Жапон тарапымен парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін озық технологиялар мен инфрақұрылымды тарату, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын азайту жөніндегі шараларды жүзеге асыру мақсатында бірлескен кредиттеу механизмін (JCM) құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз», - деді ол.

Сөз соңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі жапон тарапына техникалық колдауы үшін алғыс айта отырып, Жапония халқына мерекелік құттықтауын жеткізіп, зор денсаулық пен табыс тіледі.


Фото автордікі
Соңғы жаңалықтар