Жапон самурайының ұрпағы Қазақстанда қалай тұрып жатыр
2018 жылғы 11 ақпан 17:05

Жапон самурайының ұрпағы Қазақстанда қалай тұрып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жапон императоры Шёгун самурайының ұрпағы Аяка Мукайяманың Қазақстанда тұрып жатқанына 5 жыл болды. 15 жасында нағашы жұрты - қазақ топырағына аяқ басқан жапондық қыз жанға жайлы Жапония еліне оралғысы келмейді. П.Чайковский атындағы Алматы өнер колледжінің 4-курс студенті Аяка Мукайяма қазақ елінің қонақжайлылығы мен дархандығы туралы айтып берді.

- Аяка, Жапония елінде туып, жапон ұлттық тәрбиесін сіңіріп өссең де, Қазақстанға деген құрметіңнің ерекше екендігі байқалады. Сенің ата-анаңның тағдыры қалай жазылды?

- Менің ата-анам Қазақстанда танысқан. Әкем ол кезде Қазақстандағы Жапонияның бас консулы болып қызмет істеген. 1990 жылдардың ортасында Жапон киносының күндері өтеді. Сол шараға анам (ол кезде шығыстану факультетінің студенті) құрбыларымен бірге барады. Сол жерде әкем мен анам танысып, араласып тұрады. Кейін әкем Германияға консул болып кетеді. 3-4 жылдан соң қайтып келіп, анам екеуі үйленген. Бірнеше жылдан соң отбасымен Жапонияға кеткен. Содан 1999 жылы мен тудым.

- Аяка деген есім жапон тілінде ме?

- Иә. Иероглиф бойынша оқыса түрлі-түсті иіс дегенді білдіреді. Ал сөзбе-сөз аударса әлемді шарлайтын құс деген мағынаны білдіреді. Аяка деп жапон әжем қойды.

- Жапон императорының, ақсүйектің ұрпағы болу саған қандай жауапкершілік жүктейді?

- Әкем маған Мукайяма тегі туралы көп айтатын. Сен бұл текті алып жүргенің сен үшін үлкен жауапкершілік, мәртебе деп айтатын. Жапон императорына жақын Шегун самурайының ұрпақтары батылдығымен, өжеттігімен, азаматтығымен тарихта қалған. Мен солардың атына кір келтірмеуім керек.

- Қазақстанға келем деп шешім қабылдауға не түрткі болды?

- Маған өзге елдің менталитеті, өмір сүру салты, дәстүрлері өте қызық болды. Сосын, анамның туған жері, балалық шағы өткен жері болғандықтан көргім келді. 15 жасымда Қазақстанға алғаш рет келдім. Жапонияда маған бар жағдай жасалды. Ешқандай таршылық көрмедім. 5 жасымнан скрипкаға, баскетболға бардым. Ата-әжелерім де материалдық тұрғыдан өте ауқатты тұратын. 2014 жылы жалғыз өзім Қазақстанға келдім. Нағашы әжеммен тұрып жүрдім. Ол кісі мені, мен оны түсінбеймін. Ыммен түсінісетінбіз. Басында Жапонияны сағынатынмын. Оның үстіне асқазаным қазақтың тамағына үйрене алмай жүрді. Тек қана күріш жеп жүрдім. Уақыт өте келе мен Қазақстанның адамдарына үйрене бастадым. Олардың ашықтығы, мейрімділігі, еркіндігі маған қатты ұнады. Жапондықтар өліп кетсе де ішіндегісін айтпайды.

Қазақстанда қалам деген шешіміме әке-шешем екеуі де қарсы болды. Әкем «3 ай Қазақстанда тұрып көрсін, сосын қайтып келеді» деп ойлады. Жапонияда жүргенде гитара аспабын үйреніп жүрген едім. Қазақстанға келгенде Геннадий Ким деген гитарадан сабақ беретін ұстазға жолықтым. Жапонияда музыкалық білім беру Қазақстаннан төмен деп айтар едім. Жапонияда техника бойынша мықты музыканттар көп. Бірақ әртістік шеберлік, жүрекпен ойнау жоқ.
null

- Қазақстанда келгенде жапон елінен алған білімің мен тәрбиең қандай септігін тигізді?

- Мен жапон қызы болғандықтан Жапон елін жерге қаратпауым керек болды. Бала кезімнен алған тәрбием, ақсүйек ұрпағы, үлкендерге ізет, әділдік сияқты қасиеттерді бойыма сіңіріп өстім. Жапондықтар үлгермедім, түсінбедім деген түсінікті білмейді. Өте еңбекқор. Таңнан қас қарайғанша тынымсыз өзін-өзі жетілдірумен айналысады. Мен үшін бірінші қиындық тіл білмеуден басталды. Орыс тілін үйренуге кірістім. Оған достарым, курстастарым, отбасым көмектесті. Ал үйде анаммен жапон тілінде сөйлесемін. Жапон тілінде кітап оқимын. Театрларға, киноларға бардым, тіпті аяғымды сындырып алғанда да гипспен сабаққа келіп жүрдім. Мен осындай тынымсыз еңбегімнің арқасында тіл үйреніп, гитараны да бір кісідей меңгердім.

- Болашақта қай елде тұрақтайтын боласыз?

- Мен өзім атыма затым сай. Бір елде тұрақтамаймын. Болашақта Еуропаға оқуға шақырса, сол жаққа барамын.

- Сіз туралы Жапония телеарнасы деректі фильм түсіруге келмекші деп естідік...

- Иә, бағдарламада шетелдегі жапондардың өмірі туралы айтылады. Оларды Шегун самурайы ұрпағының қалай өмір сүріп жатқаны қызықтырып отырса керек.
null

- Жапондықтардың бала тәрбиесінің ерекшелігі неде?

- Жапондықтар уақытты өте бағалайды. Үйде де таңғы 6-да тұрады. Түске дейін ұйықтау деген қасиет жоқ. Жапонияда кішкентай баладан бастап қартайған адамдарға дейін үнемі оқу үстінде болады. Мәселен, таңғы сағат 8:15-де мектеп қақпасы жабылатын болса, одан кешіккен оқушыға қақпа ашылмайды. Көптеген бай-бағландар баласын мемлекеттік мектептерге береді. Себебі, мұнда балаға бірдей қарайды. Жапон мектептерінде балалар жиіркенбестен еден жуады, ыдыс жуады, еден сыпырады, әжетхана тазалайды. Осының бәрі сабақ арасындағы арнайы белгіленген уақыттарда өтеді. Сабақтан соң арнайы үйірмелерге барамыз. Ол жерде де өзіндік тәртіп бар. Сосын үлкен сыныптарға кішілер қызмет көрсетеді. Баскетбол залында біздер үлкендер келмес бұрын арнайы спреймен еденді тазалап шығып, үлкендерге су әкеп беретінбіз. Мектеп конституциясын бұзған жағдайда өте үлкен айыппұл салынады.

- Ақсүйектің ұрпағы ретінде сізге қандай да бір болмасын кешіріммен қарау болмады ма?

- Бай-бағландар балаларын мемлекеттік мектептерге беруге тырысады деп жоғарыда айттым ғой. Себебі, мемлекеттік мектепте барлық балаларға бірдей қарайды. Жапонияда ақша ештеңені шешпейді.

- Қазақстанда сені несімен таңқалдырды?

- Қазақстанда мені адамдардың жайбарақаттығы таңқалдырды. Кез-келген жерге кешігіп келу дәстүрі таң қалдырды. Сосын кей дәстүрлерге таң қалдым. Мәселен, нағашы апаммен тойға барғанда екі сағат кеш басталғаны. Сонымен қатар, отырыста маған қойдың құлағын музыкантсың ғой деп кесіп бергенде шамалы ойда қалдым. Алматының ауа райы маған жақпады. Қазір қыс, қар болған соң ғана жағдайым жақсы. Жаз басталса, менде аллергия қозады.

- Сонда да Жапонияға оралғыңыз келмей ме?

- Жоқ (күліп). Өйткені мен Қазақстанда гитара таптым, керемет ұстазым және жақсы достарым бар. Оларды қиып кете алмаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

null

Jańalyqtar

MURAǴAT