Жапон Премьер-Министрін жерлеу рәсіміне 6 мыңнан астам адам қатысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомство басшысы Мұхтар Тілеубердінің Жапонияға сапарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі Синдзо Абэнің мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысу үшін Жапонияға жұмыс сапарымен барып қайтты. Ресми рәсімге 6 мыңнан астам адам, оның ішінде Жапонияның жоғары лауазымды саясаткерлері, Парламент депутаттары және 200-ден астам ел мен халықаралық ұйымдардың шетелдік делегациялары қатысты. Қазақстандық делегация басшысын Жапония Премьер-Министрі Фумио Кишида қабылдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Үкіметі мен халқының атынан көңіл айтты. Қазақстан СІМ басшысы марқұм экс-Премьер-Министрдің жұбайы Акиэ Абэге де көңіл айтты», - деді ол министрлікте өткен апталық брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, сапар аясында Қазақстан СІМ басшысы Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёшимаса Хаяшимен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуды талқылап, халықаралық ахуал мен сауда-экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасты.

«Сонымен қатар, «Орталық Азия + Жапония» диалогының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 9-шы отырысын осы жылдың желтоқсанында және Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Жапония үкіметаралық және жеке секторлар арасындағы бірлескен комиссиясының 8-ші отырысын 2023 жылы ақпанда Токио қаласында өткізу жөнінде келісілді», - деді Айбек Смадияров.




Фото: Фото:Franck Robichon / Getty Images







Соңғы жаңалықтар