Жапон ғалымдары археологиялық жәдігерлерді зерттеуге көмектеседі

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда археологиялық мәліметтерді зерттеу, тіркеу және консервациялау технологияларын беру, тәжірибе алмасу жобасымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаны Нара қаласындағы Мәдени құндылықтар ұлттық зерттеу институты Жаһандық жобалау департаментінің бас директоры Синдзи Като таныстырды. Оның айтуынша, Ұлттық құндылықтарды зерттеу орталығы 1962 жылы құрылған. Орталықта шамамен 70 қызметкер жұмыс істейді. Олар археология, архитектура, әдебиет тарихы, қоршаған ортаны қорғау бағыттарында түрлі зерттеулер жүргізеді.

«2018 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, онда «Архив-2025» бағдарламасы жайында сөз қозғаған сәттен бастап бірлескен жобаны жүзеге асыруға қызығушылық таныттық. Біз осынау ауқымды жоспарға өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдіміз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жоба табылған артефактілерді бастапқы өңдеу және консервациялау әдістері, археологиялық жәдігерлерді зерттеу, мәдени құндылықтар жайындағы ақпараттарды цифрландыру сынды негізгі үш бағытты қамтиды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жапонияның Мәдениет істері жөніндегі агенттігінің еліміздің «Архив-2025» бағдарламасына техникалық көмек көрсету жобасы таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар