Жапон елшісі: Қазақ күресі мен Сумо спортшыларын достастырғым келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада кеше Қазақ күресінен тұңғыш Азия чемпионаты өтіп, тоғыз салмақта топқа енген толағайдай балуандар өзара мықтыны анықтады. Біріншілікке Шри-Ланка, Жапония, Иран елдері спортшыларының келуі - яғни, тағы үш мемлекеттің Қазақ күресін мойындауы қуантарлық жайт. Бұған қоса кешегі чемпионатқа Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатаның арнайы келуі ұлттық спорттың өрісінің кеңеюіне үлес қосып жүрген азаматтардың мерейін үстем еткені айқын. Балуандардың белдесуін бірге тамашалай отырып, ҚазАқпарат тілшісі чемпионаттағы «Жапонияның басты жанкүйерімен» тілдесуге мүмкіндік алған еді.

- Кавабата мырза, Қазақ күресінен Азия чемпионатына көрермен ретінде келіп отырғаныңызға қуаныштымыз. Бұл құрметіңізді жапон спортшыларымен бірге Қазақ күресіне де білдірген қолдауыңыз деп білеміз. Жалпы, Қазақ күресінен мұндай ірі турнирге бірінші рет келіп отырсыз ба?

- Рахмет. Соңғы уақытта Қазақстанда ұлттық спорт түрлері қайта қалпына келіп, өрістеп келе жатқанына ерекше назар аудара бастадым. Сіздерде азаматтардың ұлттық мәдениетін қалпына келтіру үшін күш-жігерін барынша жұмсап жатқанына куәмін. Әлбетте, мен әрдайым осыншама талпыныспен еңбек етіп жатқандарыңыз үшін сіздерге құрметімді, қолдауымды білдіргім келеді. Өзім де Жапонияда жекпе-жекпен айналысқанмын. Міне, сондықтан бұл тұрғыда сіздер маған өте жақынсыздар.

Өткен жылы Астанаға біздің мергендер келіп жапондық ат үстінде садақ ату өнерін «жамбы ату» турнирінде паш етіп кеткен. Осыдан кейін-ақ мен қазақ күресіне баса назар аудара бастадым. Себебі, біздің Жапонияда да осы спортқа ұқсас - «Сумо» бар. Сумо, меніңше, Қазақ күресіндегі белдесуге қатты ұқсайды. Сол себепті мен Қазақ күресі мен Сумо спортшылары арасындағы ынтымақтастықтың бір мүмкіндігін, жолын тапқым келеді. Міне, бүгін үшінші рет Қазақ күресінен ірі турнирді келіп, тамашалап отырмын.

Қазақ күресінен Азия чемпионатына жапон спортшыларының келе жатқанын естіп қалдым. Отандастарыма жанкүйер болып келіп отырған жайым бар. Қазақ күресін тамашалау бір ғанибет екен. Бірақ, мен үшін бір мәселе - қазақ күресінің ережелерін жақсы білмеуімде. Әсіресе, қандай жағдайда балуандарға ұпай берілетінін түсінбей отырмын. Сондықтан, алдағы уақытта қазақ күресін көбірек тамашалап, осы спортқа тереңірек бойлағым келеді.

- Өзіңіз жекпе-жектің қай түрімен айналыстыңыз?

- Мен кэндомен айналыстым. Жапондықтарда мектептен бастап жекпе-жек түрлерінен сабақ өтеді. Яғни, балалар кішкене кезінен дзюдо немесе кэндомен, семсерлесумен айналысады. Соңғы уақытта мектеп оқушылары каратэге де ден қоя бастаған секілді. Мен оқушы болған кезімде балаларда дзюдо немесе кэндоны таңдау мүмкіндігі болатын. Барлық мектеп оқушыларына бала кезінен осындай таңдау беріледі.

- Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін, әсіресе,қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу бастамасы жиі айтылып жүр. Демек, Жапонияда мұндай тәжірибе бұрыннан бар болғаны ғой?..

- Иә, жаңа айтып өткенімдей, біздің оқушылар мектеп кезінен ұлттық спорт түрлерінің сатысынан өтеді. Жалпы білім беру бағдарламасында, мәселен, «дзюдо» деген арнайы пән жоқ. Бірақ, нақты «дене шынықтыру» пәнінде балалар спорттың бірнеше түрімен айналысады. Ол пәннің ішіне дзюдо немесе кэндо, каратэ енеді. Бұл тәжірибе бізде бұрыннан - менің оқушы кезімнен бері бар. Ұлттық тарихи құндылықтарды мектеп  бағдарламасына енгізу өте маңызды.

- Қазақ күресін әлемдік дәрежедегі спорт түріне жеткізу үшін Қазақстанда біршама іс тындырылып жатыр. Күні кеше қазақ күресі халықаралық қауымдастығының президенті Қанат Бозымбаев дәл осы спорт түрін көтеру үшін арнайы стратегия қабылданатынын, осы ретте Жапония және Корея елдерінің тәжірибесі негізге алынатынын атап өткен еді. Сұрақ мынадай: Жапония дзюдоны Жазғы Олимпиада ойындарының дәрежесіне қалай жеткізді?

- Біздің дзюдо тарихының тамыры тереңде жатыр. Дзюдоның даму өрісі ондаған ғасырға созылады. Соңғы уақытта дзюдо деген тек спорт түрі ғана емес, рухани байлықтың жолы деп есептеледі. Жапон жекпе-жегінің екі маңызды бөлігі бар: біріншіден, спорттық технология, яғни жекпе-жек өнері, екіншіден, адам рухының баю жолы. Егер осы екі ізгілік бір арнаға тоғысқан болса, яғни үйлессе - онда менің ойымша, адам баласы өз күш-жігерінен әлденеше есе артық, адам қуатының, пәрменінің мүмкіндігінен тыс күшке ие болатын секілді. Біздің елде балалар кішкене кезінен бастап күн сайын дзюдомен айналысады. Яғни, адамның күші мен ақыл-ойы, жігері асқақ бола түседі. Бұл өте мығым үйлесім. Менің ойымша, қазақтарда да алып күшке ие азаматтар өте көп. Сіздерде бұрынғылардан қалған дәстүр жақсы сақталған. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп, дәстүрді жақсы сақтап қалғансыздар. Бұл, әлбетте, біздің рухани баю жолына өте ұқсайды. Сондықтан, Қазақстанда шынында да үлкен мүмкіндік бар. Расында да, біздің дзюдошылар қазақ күресіне ерекше ден қойып, биік дәрежеге ұмтылып жатыр.

-Азия чемпионатының қатысушыларына қандай тілек тілер едіңіз?

- Жекпе-жекті өте үлкен қызығушылықпен тамашалап отырмын. Ең мықты балуандардың шеберліктері тамсандырмай қоймайды. Боз кілемге шыққан балуандардың адами тәртіпті, этикетті сақтап шығатынын ерекше атап өткім келеді: жекпе-жек алдында балуандар бір-біріне басын иіп, айқара құшақтасып, төс қағыстырады. Боз кілемде арыстанша алысқанымен, белдесу соңында кім жеңіп, кім жеңілсе де бас иіп қоштасады. Балуандардың бір-біріне қарапайым құрметі рухани құндылықтан сыр шертер қазақ күресінің маңызды бір бөлігі деп айтар едім. Балуандарға сәттілік тілеймін. Қазақ күресі үшін тер төгіп жүрген еңбектеріңіз жемісті болар деген сенімдемін.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар